422 маман! «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Қостанай облысына жұмыс істеуге осынша адам барған. Олардың көтерме ақысына бюджеттен 166 миллион теңге бөлінді. Баспанамен де көмектесіп жатыр. Алайда өңірде медицина, білім беру мен ауыл шаруашылығы мамандары әлі де тапшы.
Алена Блинова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сарыкөл ауданының Барвинов ауылындағы мектепте сабақ береді. Одан қалды кешқұрым ересектерге мемлекеттік тілді үйретеді. Өз мүмкіндігін саралай келе жас маман қалада қалмай, ауылда жұмыс істегенім тиімді деп шешіпті.
Алёна Блинова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
–Ауылдық жерде қалаға қарағанда бос уақыт көбірек. Сонымен қатар, жастарға арналған «Дипломмен ауылға» сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Барвиновка ауылында жұмыс істеп жатқаныма биыл екінші жыл. Алдағы уақытта осы жерде өзімнің кәсіби санатымды көтеріп, әрі қарай да еңбек етуді жоспарлап отырмын.
Дәрігер анестезиолог-реаниматолог Нұрбол Ержігіт Сарыкөлге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үш жыл бұрын келген. Жұбайы психиатр. Ол да аудандық ауруханада жұмыс істейді. «Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау – жас мамандарға үлкен демеу», – дейді ауылдық дәрігер.
Нұрбол Ержігіт, дәрігер анестезиолог-реаниматолог:
– Қазіргі таңда көтерме жәрдемақы мөлшері – 7 миллион теңге, ал аса қажетті мамандарға 8 миллион теңгеге дейін беріледі. Сонымен қатар, баспана сатып алу үшін 10 миллион теңгеден астам пайызсыз несие қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл қолдауды жеткілікті деп есептеймін. Ауылда кәсіби тұрғыдан өсу қалаға қарағанда біршама қиындау. Дегенмен, мұнда да дамып, кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы – адамның өз ынтасы мен талпынысына байланысты.
Қостанай жоғары медициналық колледжін биыл 457 түлек тәмамдағалы отыр. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, соның жартысына жуығы еңбек жолын ауылда бастауға қарсы емес. Солардың бірі болашақ мейіргер Мариям Шопанова.
Мариям Шопанова, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенті:
– Жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өзімнің туған өлкем Әуликөл ауданына барғым келеді және де осы колледж қабырғасында алған теориялық және практикалық білімімді ұштастырып, әрі қарай дамытып, білікті маман атанғым келеді.
Қазіргі кезде облыс бойынша 271 медицина қызметкері жетіспейді. Ажыратып айтсақ, 107 дәрігер, 164 орта буын маманы қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті билік қосымша ынталандыру көздерін қарастырып жатыр.
Алмас Әбілғазин, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары м.а:
– Биылғы жылы әлеуметтік қолдау едәуір күшейтілді. Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларына барған мамандар үшін 5 миллион теңгеден, аудандарға 7 миллион теңге, Аманкелді, Жанкелдин аудандарына 8,5 миллион теңге, Арқалық қаласына 7 миллион теңге. Сонымен қатар орта медициналық қызметкерлер ауылға барған 1 миллион теңге қарастырылған.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы басталғаннан бергі 17 жылдың ішінде өңірдегі ауылдық елді мекендерге 8 мыңнан астам маман келді. Олардың басым бөлігі дәрігер, педагог және ауыл шаруашылығы саласының мамандары.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг