Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет әлемдегі ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Екі жыл ішінде сегіз сатыға жоғарыладық. Қазір біздегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді.
eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында электрондық үкімет арқылы 51 миллионнан аса қызмет көрсетілген. Бұл жетістік цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Халықаралық ұйым осы жетістіктерімізді ескере отырып өз бағасын берген.
Айтылған тізімде Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур сынды елдер көш бастап тұр. АҚШ 13-ші, Қазақстан 16-шы сатыда. Рейтингті Польша түйіндеген. Сарапшылар Қазақстанның eGov.kz және eGov Mobile платформаларының дамуын ерекше атап өтті. Ал alem.ai жасанды интеллектіні дамыту алаңы ретінде атап өтілді.
Винченцо Акваро, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті Цифрлық үкімет бөлімінің басшысы:
– 2024 жылы цифрлық үкіметті дамыту деңгейі өте жоғары 18 мемлекет болса, биыл олардың саны 21-ге жетті. Ирландия, Қазақстан және Польша бұл санатқа алғаш рет енді. Сондай-ақ Қазақстан осы санатқа енген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.