Қар мен жаңбырдың мөлшерін спутник арқылы зерттеуге болады
Егер күн райы күрт жылынса, су тасқыны болуы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайлар мен түрлі коммуналдық мекеме мамандары қардың қалыңдығы мен өзен-көлдердегі мұздың мөлшерін әуеден бақылауды бастады. Бірақ бұған миллиондаған қаражат қажет. Ал Өскемендегі техникалық университеттің геолог-ғалымдары әрбір ауылдағы су мен қардың мөлшерін спутникпен анықтайтын жоба жасап шықты.
Селден қорғау мекемесінің мамандары қардың қалыңдығын осындай таяқшалар арқылы өлшейді. Биыл шығыста қар қалың. Таулы өңірлерде 3 метрге жетеді. Ал жазық далада 20-25 см болады. Облыс аумағында 207 өлшеу таяғы орнатылған.
Талғат Нұрахмет, облыстық «Қазселденқорғау» ММ бас инженері:
- Алтай ауданында қар қалың болып тұр. Жылдағы түсімнен осы күнге дейін асып кетті деуге болады. Былтырғы осы кезбен салыстырғанда 1,5 есеге асты. Алтай және Самар бағытнда 1 метр 60 сантиметр болған.
Аймақта қазір қардың көбесі сөгілген жоқ. Біраз төмендеп, басылды. Дегенмен күн райы күрт жылынса, таулы аудандарды су басу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдайлар және селден қорғау мекемесінің мамандары қардың қалыңдығын әуеден бақылауды қолға алды.
Алексей Штыкель, облыстық ТЖД бөлім басшысы:
- Биыл қыс өте құбылмалы болды.Толассыз қар мен боран. Сол үшін көктемгі тасқынға тосқын мақсатында гидротехникалық нысандардың жағдайын әуеден бақылауға алдық. Бүгінге дейін көбісінің жағдайын көріп шықтық.
Алайда қардың қалыңдығы мен өзен-көлдердегі мұздың мөлшерін әуеден бақылау үшін қомақты қаражат қажет. Өңірдегі техникалық университеттің геолог-ғалымдары шығыны аз әрі тәуекелі төмен жобаны қолға алған. Жердің асты-үстіндегі ылғалды спутник арқылы анықтауды ұсынып отыр. Арнайы бағдарламамен белгілі бір аумақты ғарыш арқылы зондтап алады да, ол жердегі қардың мөлшерін және жер астындағы судың деңгейі мен топырақтың ылғалын дәл есептеп шығарады.
Олег Гавриленко, геология және минералогия ғылымдарының кандидаты:
- Спутник арқылы алынған бұл мағұлматтар өте маңызды. Климатта жақын арада болатын өзгерісті алдын ала біліп отырамыз. Қар мен жаңбырдың мөлшерін немесе қуаңшылық бола ма? Соны болжам емес, нақты жағдайға көз жеткізуге болады.
Ғалымдардың айтуынша, технологиясы жетілген елдер барлық мәліметті спутник арқылы алады. Бұл тікұшақпен бақылауға қарағанда нақты ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін тың жүйе.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин