Қаржы пирамидасына алданған салымшылардың арызы көбейді
Күмәнді компанияларға ақшадан өзге көлік және пәтер берген азаматтар енді мүліктерін қайтара алмай әлек. Сан соғып қалғандардың жартысына жуығы зейнеткерлер. Соңғы апталарда жұмысын тоқтатқан төрт ұйымнан мыңдаған адам зардап шеккен. Ал келтірілген шығын көлемі әлі анықталып жатыр.
Қаржы ұйымының әрекетінен сан соғып қалған Ильмира Магзумова полицияға арыз түсірді. Өзінің айтуынша, күмәнді компанияның кесірінен 4 бөлмелі пәтерінен айырылып қалған. Алғашқыда баспанасын әлеуметтік желі арқылы сатылымға қояды. Алайда компания өкілі пәтерін нарықтық бағадан әлдеқайда қымбатырақ алатынын жеткізген. Бірақ бірнеше пайыз болатын алғашқы жарнасын төлеп, кейін үш ай ішінде толық өтеуді ұсыныпты. Ал келісім заңды болуы үшін шартқа отырып, пәтерді қаржы ұйымына өткізуді өтінген.
Ильмира Магзумова, қала тұрғыны:
- Қазір үш баламмен үйсіз қалдым. Әзірге ағайындарымды паналап жүргенімізбен, пәтер жалдап тұруға мәжбүрміз. Олар баспанамызды алғанымен, кейін оны арзан бағамен сатып жіберген. Оны кейін білдік. Бұл – нағыз алаяқтардың ісі.
Ақшадан өзге көлік пен жылжымалы мүлікке қатысты іс жүргізген қаржы ұйымының әрекеті өткен аптада әшкере болған еді. Көпшілікке мол табыс табудың жолын ұсынған компания кез келген мүлікті нарық құнынан 30% жоғары бағада алып, кейін әлдеқайда арзанға сатып отырған. Ал ұйымға қаржы әкелуге дайын адамды қосқан салымшыға қосымша төлемақы беріліп отырған. Осындай жүйе арқылы он мыңға жуық адамның компанияға ақша салғаны анықталып отыр.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Ғимаратты тінту барысында полиция қызметкерлері 11 мыңнан астам азаматпен және аталмыш ЖШС арасында келісімшарттарды және компьютерлерді тәркіледі. Қазіргі таңда «Гарант 24 ломбард» ЖШС Ақтөбе филиалының басшысына қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Ақтөбелік полицейлер соңғы бір ай ішінде төрт бірдей ұйымды әшкереледі. Барлығы да:«Мол табыс табудың жолын ұсынып, шексіз ақшаға кенелтеміз», – деп уәде еткен. Жарнамасына сенген салымшылар қазір Полиция департаментін торауылдап жүр. Күніне ондаған адам келіп, арыз жазады. Барлығы да салған мүліктерін кері қайтара алмай әлек. Тек бүгінге дейін 4 компанияға қатысты 1,5 мың арыз түсірген.
Евгений Годлевский, облыстық ПД Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Барлық компанияның әрекетінен қаржы пирамидаларына тән белгілер анықталды. Бірақ нақты қорытындысын қолда бар дәлелдердің негізінде сот қояды. Қазір күдіктілердің мүліктерін тәркілеу үшін тиісті шараларды қолға алдық. Компанияларды тінту барысында қаражаттар да тәркіленді. Ол шығынды өтеуге жұмсалатын болады.
Мыңдаған адам алданған қаржы ұйымдарына қатысты істің немен аяқталары әзірге белгісіз. Дегенмен полиция: «Зардап шеккен адамның арызданғаны жөн», – дейді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев