Этнос өкілдері қазақ еліне ризашылығын білдірді
Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары жаппай Қазақстанға жер аударылған сан алуан этностың бір шоғыры Қызылорда облысының Қазалы ауданында қоныстанып, тамырын тереңге жайған. ҚХА-ның 25 жылдығымен қабат келген мәдени шаралардың бірі 13 этнос өкілі тату-тəтті өмір сүріп жатқан осы Қазалыда өтуде. Ортақ мақсат – тарихты танып, құндылықтарды қастерлеп, бірлікті нығайту. Алғыс айту күнінің түп төркіні осындай игі бастамалардан құрылғаны анық. Бірнеше ұлыстың өнері бір сахнада тоғысты. Бұл да осы елде тамыр жайған талай ұлттың қазақ халқына деген алғысы, ыстық ықыласы болса керек. Хакім Абайдың өміршең өлеңдерін өмірлік өнеге еткен өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соның бірі Наталия Баркова «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Наталия Баркова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:
- Ұлы Абайдың қара сөздері, өлеңдері, әндері, күйлері терең мағынаға ие. Мен өзім қазақ мектебінде оқығанмын. Қазақ тілін жетік меңгердім. Сондықтан қазақ әндерін айтқанды ұнатамын. Осындай достыққа берік қазақ халқына деген алғысымды өнеріммен жеткізгім келді. Ұстаздық қызметте де жақсы жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына үлес қоса беремін. Мереке құтты болсын!