Қазалы тұрғындарын Сырдария сеңі алаңдатуда
Бұл – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы жыл сайын қайталанатын жағдай.
Талай сырды бүккен Сырдарияның сеңі сірессе, суы тасып, жолындағыны жайпап өтетіні бар. Мына Қарлан пантонында да бірнеше рет апатты жағдай болғанын жергілікті халық жарыса айтып берді.
Өткелбай Жолмырзаев, Жанкент ауылының тұрғыны:
- Мына Қарлан көпірі осыдан 4-5 жыл бұрын «МАЗ» көлігі қайықпен бірге батып кетіп, 1-2 айдай жол болмады. Өткен жылы көктемде сең жүріп жатқан кезде қайық екінші рет батты.
Өткен жылы аудан басшылығы қалқымалы көпірді жамап-жасқап, қайта жаңартып қойыпты. Бүгінде қоғамдық 7 автобуспен қатар күніге ондаған жүк және жеңіл көлік арлы-берлі қатынайды.
80 мың тұрғыны бар Қазалы ауданының 60% егіндік жері де дарияның арғы бетінде. Көне Жанкент қалашығын қызықтаушы туристерге де дарияны осы жерден қиып өткен ыңғайлы.
Сырдарияда сең қозғалған сәтте ұзындығы 50 метр болатын қалқымалы көпірді жағаға жинап қоюға тура келеді. Сол сәтте арғы беттегі 10 мыңға жуық халық 50 шақырым жолды айналып өтеді екен. Алайда сол жолдың сын көтермейтіні соншалық, кейде жол талғамайтын көліктердің өзі жарты жолда батып қалып жатады.
Жаппасбай Аязбаев, Тасарық ауылының тұрғыны:
- Науқастанып қалғанда қиын. Басықараның жолы жөндеусіз.
«Аудан үшін ғана емес, тұтас аймаққа әлеуметтік те, экономикалық та маңызы жоғары Қарлан учаскесіне өткел салатын уақыт жетті», – деген қазалылықтар жуырда облыс әкімімен кездесуде бұл мәселені көтерген болатын.
Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімі:
- Жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөліп жатырмыз. Наурыз айында бюджетте нақтылау болады. Сол кезде осы мәселені енгіземіз. Қазір көпір салатын аумақ анықталып жатыр. Көпір орнату үшін 15-18 гектар жер бөлінуде.
Құнын есептеп, қаржы бөлдіруге қанша уақыт кететіні белгісіз. Ірі құрылыстың тағдыры республикалық бюджеттің қауқарына қарай шешілері анық. Ал үмітін үкілеген тұрғындардың қалқымалы көпірмен қалт-құлт еткен тірлігі әлі де біраз уақыт жалғасатын түрі бар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов