Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды
Ол 30 күнге созылады. Қажет болған жағдайда бұл режим ұзартылуы мүмкін. Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жариялады.
Президент мұндай шектеу шараларының не үшін қолданылып жатқанын түсіндіре келе, COVID-19 індетімен күресуге Қазақстанның мүмкіндігі толық жететінін айтты.
Қазақстан бойынша дәл мұндай төтенше жағдай бұрын-соңды жарияланып көрген жоқ. Сондықтан болар, халық арасында түсінбеушілік пен үрей бар. Президенттің жарлығы 15 наурыз күні шыққан. Оған сәйкес, көпшілік қатысатын іс-шараларға тыйым салынды, ірі сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды және ойын-сауық нысандары жабылды. Мұндай ыңғайсыз әрі қатаң шектеу шараларын қабылдаудың бір ғана себебі бар: коронавирус күшейіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенме, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Сондай-ақ азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн деп санаймын. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады. Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. Мұны дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын.
«Бұл індетпен күресуге біздің толық мүмкіндігіміз бар», – деп жалғады үндеуін Президент. Енді сол мемлекеттің мүмкіндігіне қатардағы азаматтардың жауапкершілігі қосылса деген тілегін де білдірді. «Коронавирустың кесірінен әлем экономикасы шексіз, шетсіз шығындарға ұшырап жатыр. Мұндай орасан шығындардың бір шеті Қазақстанға да тиеді. Ең бастысы мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты. Қаражат бар. Осы орайда азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп жұмыс істеуі керек.
Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд долларға жеткенін де жеткізді Президент. Бұл қомақты қаржы ел экономикасының шатқаяқтамауына кепіл бола алады. Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік шығындардың қайта қаралатынын айта келе, отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бюджеттік шығындарды максималды тиімді болатын бағыттарға қайта бұрамыз. Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінеді. Бизнесті несиелеу деңгейінің төмендеуіне жол бермеуіміз керек. Ішкі нарықты толтырып, өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру артады. Дүрлігу кезінде алыпсатарлық үстеме бағаға жол берілмейді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауға алады.
Алып елдерді, алпауыт экономикаларды алаң қылған коронавирусқа қарсы Қазақстан да қам жасады. Мемлекет эпидемияның алдын алатын шараларды жоспарлы жүргізіп жатыр. Президент елді сабырға шақырып, үндеу жасады. «Мемлекет өз міндетін толық орындайды», – деді ол. Біз біргеміз!
Авторы: Гүлжан Марқабаева