Елордада 47 мың тонна азық-түлік тауарларының қоры жасақталған
Бұл туралы арнайы брифингте Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Оның айтуынша, елордада 47 мың тонна азық-түлік тауарларының қоры жасақталған. Бұл – бір айға жетерлік қор. Сонымен қатар қалаға 1 млн маска мен антисептиктің тиісті мөлшері әкелінеді. Қала әкімі адам көп жиналатын жерге бармауға шақырады. Дегенмен қоғамдық орындарда тиісті зарарсыздандыру шарасы жиі өткізілетінін жеткізді. Автобекеттердің жұмысына шектеу енгізілді. Атап айтқанда, барлық қалааралық бағыттағы қатынас уақытша тоқтайды. Коммуналдық және өзге де әлеуметтік нысандарда есік-терезе және жедел сатыларда дезинфекциялық жұмыс жүргізіледі. Қоғамдық тәртіп күшейтіледі. Жалпы қаладағы 12 ірі сауда орталығы жұмысын тоқтатты. Қала әкімі жұмыс берушілерді қызметкерлерін еңбек демалысына жіберуді немесе қашықтықтан жұмыс істеуге жағдай жасауға шақырады.