Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына әлеуметтік көмек үшін 150 млн теңге беріледі
«Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызбасты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бағытталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желідегі парақшасында осындай жазба жариялады. Оның айтуынша, бұл қаражатқа медициналық маскалар, антисептикалық құралдар мен бірінші кезекте қажетті тауарлар сатып алынып, оларды партиялықтар мен «Jas Otan» волонтерлері халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына үлестіреді. «Сонымен қатар партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері осы қажеттіліктерге өздерінің бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылданды. Қазір Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірге коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында құрылған жедел штабтарға кез келген көмек көрсету үшін волонтерлердің ықшам топтары жасақталуда», – делінген жазбада.