Мемлекет басшысы карантиндік режимдегі қала әкімдерімен кеңес өткізді
Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордадағы қазіргі ахуал және коронавирустың таралуына қарсы карантин енгізілуіне байланысты қабылданған шаралар жайында есеп берді. Президент қала тұрғындарын ең қажетті тауарлармен және азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарға қатысты туындаған мәселелерді тез арада шешіп, тиісті көмек көрсету керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күрестің маңыздылығын айта келе қала тіршілігіндегі басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібінен түсірмеуді, атап айтқанда, су тасқынын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев Президентке Алматы қаласының карантин енгізу жағдайына әзірлігі туралы баяндады. Атап айтқанда, қосымша дайындалған төсек-орындар, коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске қажетті барлық ресурс пен құралдарды жұмылдыру туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы еліміздің ірі мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің шешілуіне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бақытжан Сағынтаевқа Алматы облысының әкімімен бірлесіп, Алматы қаласында жұмыс істейтін өңір тұрғындарының мегаполиске қатынау мәселелерін пысықтау қажеттігін айтты.