Алматыда тұрғын үй кешені оқшауланды
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Сондай-ақ қаладағы «Сұңқар» тұрғын үй кешені оқшаулануға алынды.
Ұлан Нарынбек, тілші:
- «Сұңқар» тұрғын үй кешені тұрғындарының бірінен коронавирус инфекциясы табылғандықтан, 15 күнге карантинге жабылып отыр. Инфекция жұқтырған науқас ауруханаға жатқызылып, онымен байланыста болғандар оқшауланған. Қазір ғимараттың төрт жағына арнайы бекеттер қойылған. Үйдің айналасын полиция қызметкерлері мен Ұлттық гвардия сарбаздары күзетуде. Енді кешеннің тұрғындарына далаға шығуына немесе қонақ күтуіне болмайды. Тіпті үй астындағы паркингке түсуге де тыйым салынған. Оларға арналған бір азық-түлік дүкені жұмыс істейтін болады. Барлық тұрғын үй карантиніне орналасқаны туралы жұмыс берушілеріне хабарлауы тиіс. COVID-19 ошағында қалған азаматтардың жұмыс орны сақталып, уақытша емделу демалысына жіберіледі. Әлеуметтік желілерде COVID-19-дың осындай оннан астам ошағы белгіленген карта жүр. Бірақ Алматы әкімінің баспасөз хатшысы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Жасанды демалдыру аппараттарына қатысты да әртүрлі әңгіме болған еді. Қаланың бас дәрігері осы жайында арнайы түсініктеме берді.
Тілеухан Әбілдаев, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі:
- Жасанды демалдыру аппаратына қатысты ақпарат бергім келеді. Бұл аппараттар Алматы қаласының медициналық ұйымдарында жеткілікті мөлшерде бар. Қалалық емхана, ауруханаларда 479, республикалық ұйымдарда 100-ден астам осындай жасанды демалдыру аппараты бар екенін жеткізгім келеді.
Қазір Алматыдағы бір науқаста өкпенің созылмалы обструктивті ауруының болуына байланысты орта-ауырлы дәрежеде екен. Қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық. 608 азамат провизорлық карантинге, 730 адам үй карантиніне орналастырылған.