Атырауда адыраспан саудасы қызып тұр
Атыраулықтар кәдімгі адыраспанды көптеп сатып ала бастаған. Алушы көбейгендіктен, бұрын базарларда тиынға сатылатын қасиетті шөптің бағасы аспандап шыға келді. Жалпы COVID-19 індетіне қарсы ем-дом туралы ақпараттар әлеуметтік желіде де желдей есуде. Алайда олар медициналық тұрғыдан қаншалықты шындыққа жанасады?
Қала базарын көк түтінге бөктірген келіншек адыраспан түтетіп, қатерлі дертті қуалауда. Әрине, тегін емес. 200 теңге берсеңіз, коронавирус қаңғып, түтін арасынан сізді таппай қалады екен.
Алайда дәрігерлер бұл ем түрімен келіспейді. Керісінше ащы түтін қолқаны қауып, тыныс жолдарын зақымдайды екен. Әрі аллергиялық ауруларды қоздырады. Сондықтан адыраспанмен аластау арқылы емес, дұрыс тамақтанып, иммунитетті көтеру арқылы сақтанған дұрыс. «Қандай да микробпен күресуде ағзаның өзіндік қарсылығы болады», – дейді дәрігер.
Гауһар Сембиева, дәрігер-иммунолог:
- Иммунитетті көтеру үшін спортпен айналысу керек, дұрыс тамақтанып, 8 сағаттық ұйықтап, қоршаған ортада демалу керек. Көбіне дәруменге бай тамақты жеу керек. С және В дәрумендері бар жеміс-жидектерді көбірек қолданған дұрыс.
Дәрігерлер адыраспан түтінінде улы токсиндер бар екенін айтады. Бірақ оған құлақ асып жатқандар аз. Бүгінде Атырауда адыраспан саудасы қызып тұр. Бұрын бір байлам емдік шөптің бағасы 100 теңге болса, енді екі есеге қымбаттап кеткен.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов