Табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 42 500 теңгеден төленеді
Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеді. Жалпы мұндай көмекке кемінде,1,5 млн адам ілінеді. Сондай-ақ осы күндері күн-түн демей қызметте жүргендер де ынталандырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық және қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен әкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын.