Ел бойынша 1200 волонтер полиция қызметкерлеріне көмек көрсетіп жүр
Сондай-ақ Ерлан Тұрғымбаев Аршалы кентіндегі колонияға барды. Жазасын өтеп жатқан адамдармен жолығып, мекемедегі сақтық шараларымен танысты.
Таңның атысы, күннің батысы волонтерлер тынбай еңбек етіп жүр. Желдің өтіндегі блокпосттарда көлік жүргізушілеріне ескерту парақшаларын таратып, қолғабыс етуде. Олардың мұндай қысылтаяң сәтте жұдырықтай жұмылғандарына Ішкі істер министрі дән риза. Арнайы барып, алғысын білдірді.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бүгінгі таңда біз Жібек жолы бекетінде тұрмыз. Автокөлік 10 есе азайды. Алғашқы күндері 42-43 мыңдай автокөлік өтсе, бүгінгі таңда 3 мыңдай ғана болып отыр. Волонтерлер үлкен көмек көрсетуде. ҚР бойынша 1200-дей волонтер бар. Көбісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістанда жұмыс істеп жатыр.
Министр мұнымен аялдаған жоқ. Аршалыдағы колонияның карантин тәртібімен танысты. Мекемеде жалпы саны 562 адам жазасын өтеп жүр. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 40 адам тігін цехында жұмыс істейді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Мұнда жазасын өтеп жатқан 26 адам 4 күн ішінде 8 мың бетперде тігіп үлгерді. Сонда орташа есеппен бір адам күніне 100 маска тігетін болып тұр. Сапасы жаман емес. Тігілген маскалар тәртіп сақшылары мен ТЖ қызметкерлері және өзге де мамандарға таратылады.
Жазасын өтеушілер маска тіккені үшін сыйақы алады. Министр солай деді. Бір бетпердеге 17 теңге береді. Колонияны аралау барысында ведомство басшысы сақтық шараларымен танысты. Мұнда кіріп-шыққандар жіті тексеріледі. Сотталғандардың туған-туыстарымен кездесуіне уақытша шектеу қойылған.
Ернат Ақылжанов, Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы:
- Туған-туыстары келген жағдайда бір-бірімен кездеспейді. Видеокездесу ұйымдастырдық. Арғы жаққа ұзақмерзімді сотталғандар кіреді. Бергісіне туысқандары келіп, сөйлесе алады. Осындай екі камера бар.
Бұл жерде 562 адам жазасын өтеп жатыр. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты мұндағы тәртіп те қатаңдатылған. Тікелей қатынасқа рұқсат жоқ. Келуші арнайы құрылғымен тексеріледі.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Азамат Сәметов