Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтарға тегін азық-түлік пен жәрдемақы беріледі
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың кесірінен жұмысынан, табысынан айырылғандарды мемлекет қаржылай қолдайтынын айтқан болатын. Бірақ оның өзіндік шарттары бар.
Сондай-ақ министр Қазақстандағы өкпені механикалық желдету аппараттарының жетіспейтіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Республика бойынша емдеу мекемелерінде 2,5 мың осындай құрылғы бар. Және «Қазақстан инжиниринг» компаниясы Денсаулық сақтау министрлігіне тағы 180 қондырғы беруге дайын.
Әлеуметтік желіде желдей ескен ақпараттың бәріне бірдей сене беруге болмайды. WhatsApp арқылы тараған «109 нөміріне хабарласып, азық-түлікке тапсырыс беруге болады» деген ақпарат та жалған. Оны таратқандар қазір іздестіріліп жатыр. Табылса, заңға сәйкес жазаланады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі төтенше жағдай кезінде тегін азық-түлік кімдерге берілетінін атап айтты.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Оны азаматтардың 4 санаты ала алатынын еске салғым келеді. Бірінші санатқв АӘК алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан жоғары балалары, екінші, үшінші, төртінші санатқв карантиндік аймақта тұратын азаматтар жатады. Нақты айтқанда АӘК алатын отбасылардың барлық ересек мүшесі және барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалар, сондай-ақ мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар алады.
Президент төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға 42 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілетінін айтты. Бұл көмек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленетін болады. Оны алудың арнайы шарттары бар.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Жаңа төлем Қазақстан аумағында жұмыс істейтін, орта, шағын және микробизнес жұмысшыларына ғана беріледі. Жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға хабарласып, төтенше жағдай кезінде жұмысшысының кірісінен айырылғанын дәлелдейтін құжат ұсынуы керек. Сондай-ақ төлем алу үшін соңғы 12 айдың кемінде 3 айында жұмысшының мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасалған болуы тиіс.
Ал кәсіпкерлер халық жиі тұтынатын тауарларды шығаруға бет бұрды. Мұның бір дәлелі ретінде бетперде өндірісін айтуға болады. Қазір елдегі 70 тігін цехы күніне 850 мыңға жуық маска тігуде. Өзіміздің өнім барлық өңірге таратылып жатыр. Бұдан былай сұранысқа ие 9 түрлі тауар экспортқа шығарылмайды, тек ел халқы үшін өндіріледі.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Сауда орталықтарындағы кезек азайып келеді. Осы ретте халық бірінші кезекте тұтынатын тауарлардың дефициті болмайтынын тағы да айтқымыз келеді. Бұл мақсатта Үкімет 9 түрлі тауарды экспорттауға тыйым салды. Оларды қазір сауда желілері, өңірлік азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорлары, көтерме сауда жасаушылар сатып алуда.
Ал электронды үкімет порталында коронавирустың таралу аймағын көрсететін онлайн-карта пайда болды. Картадағы көк түсті белгілер коронавирус жұқтырғандардың және олармен байланыста болған адамдардың қайда орналасқанын көрсетеді. Олардың нақты мекенжайы ортақ базадан алынады және күн сайын жаңартылып отырады.
Авторы: Шынар Асанқызы