Елімізде сотталушыларға онлайн кездесулер ұйымдастырылды
Кеселдің таралмауы үшін қолға алынған бұл шара қалай жүзеге асып жатыр?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Айзада Төлегенова 8 жылға сотталған. Соңғы рет ол ата-анасын тергеу изоляторында көрген. Бір ай бұрын Петропавлдағы түрмеге ауысқан ол жақындарымен Skype арқылы сөйлесіп, сағынышын басты.
Айзада Төлегенова, жазасын өтеуші:
- Балаларымды көрдім. Қысқа мерзімді кездесуге келгенде бір адам немесе екі адамнан артық көріспейсің. Ал мынау өте жақсы бағдарлама екен. Бүкіл жанұямды көрдім. Бауырымды да, келінімді де, оның балаларын да көрдім. Өте жақсы, тиімді екен.
Төтенше жағдайға байланысты түрмелер онлайн кездесулерге көшті. Ол үшін ғаламтор тартуға тура келді. Сотталушылар қазір бетперде тігуге де дағдыланды. Мәселен, Петропавлдағы 164/6 мекемесінде күніне 6 мың данасы дайындалады.
Қанат Сүлейменов, ЕС 164/6 мекемесі басшысының орынбасары:
- 2 апта болды, біздің мекемеде сотталғандар қорғаныс маскаларын тігуде. 110 сотталған ұйымдастырылған. Бәрі жалақы алады. Бәрі санитарлық нормаларға сәйкес.
Солтүстік Қазақстан облысында 5 абақты бар. Қазір оларда сақтық шаралары күшейтіліп, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев