Қазақстандық мектептер қашықтықтан білім беру жүйесіне көшті
Елорда мұғалімдері жаңашылдыққа қаншалықты дайын? Жаңа жүйе оқушылар мен ұстаздар үшін күрделі емес пе?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Біз елордадағы №54 мектептеміз. Жаңа тоқсан басталды. Бірақ айнала тып-тыныш. Мына қоңыраудың сылдырламағанына үш аптаға жуықтады. Есесіне төртінші тоқсан тарихта қалады. Оқушыларымызға қашықтықтан білім алудың қандай болатынын байқап көруге мүмкіндік беріліп отыр. Мұғалімдер өздері қалаған әдіспен сабақ береді. Ол әдістер: BilimLand, Daryn.online немесе Telegram, WhatsApp платформалары немесе «ЕЛ АРНА» мен «Балапан» арналарындағы телесабақтар. Бастысы мұғалім шәкіртіне заманға сай білім беруі керек. Бала үйде болғандықтан, енді қадағалау тікелей ата-ананың мойнында. Ал баға журналға не электронды журналға қойылады. Әлемде 870 млн оқушы қашықтықтан білім алады. Осы уақытқа дейін реформаның түр-түрін көрген білім саласы жаңа дәуренін бастамақ. Карантин мәжбүрлеген бастаманың болашағы қандай боларын уақыт көрсетеді. Желіде ата-ана мен мұғалімдер министрлеріне ықыласын білдіріп жатыр.