Нұрсұлтан Назарбаев халыққа ризашылық сөздерін жолдады
Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласында қиын-қыстау кезеңдерді халықпен бірге өткергенін еске алды. Әрдайым сүйеу болған халқына Елбасы: «Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін Сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін», – деп ыстық ықыласын жолдады.
Үнемі халқымен бірге қадам жасап келе жатқан Ұлт көшбасшысы бұл күрделі кезеңді де ел болып артқа тастайтынына: «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін. Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз», – деп сенім білдірді.