Қарағанды облысында бүгіннен бастап қандай мекемелер жұмысын бастайды?
Біраз кәсіпорынның жұмысы қайта жанданды. Нотариус, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, екінші деңгейлі банктер бүгін ашылады. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету станциялары, доңғалақ жөндеу шеберханалары, құрылыс нысандары да іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшектер сататын, тұқым, көшеттер сататын дүкендер де саудасын бастайды. Ал қоғамдық көліктер таңертеңгі 07:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі 17:00-ден 20:00-ге дейін жүреді. Тұрғындардың жеке көліктерімен де жүріп-тұруына болады.
Бұған қоса бүгіннен бастап бағбандарға саяжай маусымын бастауға рұқсат етілді. Бірақ санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керек және бес адамнан артық жиналмауы керек.
Айгүл Шатекова, облыстық ТКҚСҚБ департаментінің ресми өкілі:
- Полиция департаменті халықтың серуенге, саяжай алаңдарына шығуды ескере отырып, адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында патрульді күшейтуі тиіс.
Тағы бір жағымды жаңалық, бүгіннен бастап таңғы сағат 05:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін халыққа үй ауласында серуендеуге рұқсат етілді. Бірақ Теміртау қаласында шектеу шаралары әлі де сақталып отыр. Себебі осы сағатта облыста қауіпті індет жұқтырған барлығы 132 адам тіркелсе, басым көпшілігі Теміртау шаһарынан.