Хабар телеарнасы

Ардагер Ғали Әбішев кәрі құрлықтың біраз қаласын фашистерден азат еткен

Ғали атаның ортаншы қызы Раушан апайдың өз үйінде әкесіне арналған жеке бұрыш ұйымдаструы да жылдағы әдет. Ол жерге өлеңдер жинағы естелік кітаптар, сурет, құжаттар қойылған.

Артеллерия-зенит полкында взвод командирі болған Ғали Әбішев кәрі құрлықтың біраз қалаларын фашистерден азат етіп, Берлинге дейін жеткен. Соғыстан оралған соң ел ішінде белді қызметтер атқарды. Өлең жазып, ақындар айтысына қатысты. Ұзақ уақыт шет жүріп, 60-шы жылдары туған ауылы Қайыңдыға оралғаннан кейін көп ұзамай көз жұмды. Жауырынында қалған оқ жарықшағы сыр берсе керек.

Жарты ғасыр бұрын өмірден өтсе де, әке сөздері балаларының көңілінде сайрап тұр.

Раушан Әбішева, майдангердің қызы:

- Ол кісінің ерекшелігі – шыншылдығы. Бізге шыншыл болсаң, жұмысың, еңбегің, жолың ашық болады деп әрдайым айтатын. Сондай нақыл сөздерді көп айтатын.

Бүгінде Ғали мен Райханнан тараған ұрпақ бір қауым ел десе болады. Еліміздің әр түкпірінде, сан салада жұмыс істейді. Немерелері Нұрлан мен Ерлан – әскери қызметкерлер. Олардың бұл жолды таңдауына аталарының ерлік істері түрткі болған.

Ербол Төлегенов, майдангердің немересі:

- Қиындықтарға қарамастан, ерлік көрсету, еңбекқор болу, бұл – қазіргі жастарға үлкен өнеге.

Бүгінгі бейбіт өмір үшін қан төгіп, жандарын қиған майдангерлердің ерлігі ұмыт болмауы тиіс. Бұл тұста Әбішевтер әулетінің дәстүрі көпке үлгі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтанберг