Елжана Таниева Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді. Спорт жаңалықтары
Қазақстандық көркем гимнастика шебері Ташкент қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында топ жарды. Таниева көп сайыста 133,40 ұпай жинап, Азия чемпионы атанды. Бұл сында лицензия тек жеңімпазға беріледі. Тағы бір қазақстандық спортшы Айбота Ертайқызы құрлық біріншілігін бесінші орынмен аяқтады. Бұған дейін ұлттық құрама топтық жаттығуда үздік үштіктен көрінген еді. Жалпы отандық спортшылар ұтып алған олимпиада жолдамасы 50-ге жетті.
Астанада бокстан жастар мен жасөспірімдер және қыздар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жалпы Қазақстанның 23 боксшысы жартылай финалға дейін жетті. Бүгін финалдық жолдамалар сарапқа салынды. 60 келідегі Алексей Хаванцев пен 67 келідегі Сабырхан Төрехан Азия біріншілігінің алтынына таласады. Сейілхан Өнер, Санжарәлі Бегалиев пен Иманғали Нұрпейіс және Мадияр Бексұлтанов та финалға шықты. Бексұлтан Боранбек, Нұрасыл Төлебек, Жансері Көшербаев жартылай финалда сүрініп, құрлық чемпионатының қола жүлдегері атанды. Финалдық жекпе-жектер жексенбі күні өтеді.
Шайбалы хоккейден Қазақстан Ұлттық құрамасы әлем чемпионатына дайындалып жатыр.
Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері жауапты жарыс қарсаңында бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Елордада біздің жігіттер Ресейдің 25 жасқа дейінгі командасымен айдынға шығып, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Матчтағы жалғыз шайбаны 14-ші минутта Василий Глотов соқты. Бүгін Қазақстан Беларусь құрамасымен кездеседі. Әлем чемпионаты 10 мамырда Чехияның үш қаласында басталады.