Хабар телеарнасы

Сарапшы: АЭС электр энергиясының тұрақты және қауіпсіз өндірісін қамтамасыз етеді

Мемлекет үшін тұрақты әрі қауіпсіз электр энергиясын өндіру стратегиялық тұрғыдан маңызды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл мақсатқа атом энергетикасының көмегімен жетуге болады. Себебі климаттың өзгеруінен көмір электр станциялары уақыт өте жабылуы мүмкін.

Қытай елі жылу электр станцияларын қысқартып жатыр. Көрші мемлекетте оның үлесі кейінгі екі жылда 13% дейін азайды. Олардың орны атом энергоблоктарымен алмастырылуда. Қазір аспан асты елінде өндірелетін энергияның 5% АЭС-терге тиесілі. Айта кету керек, атом энергоблоктары тек қана электр энергиясын өндірмейді. Өндіріске, мегаполистердің жылу жүйесіне қажетті бу мен сутегін де алуға болады.

Тян Венг, Сиань атом энергетикасы институтының директоры:
-Кез келген электр станциясының өнімділігі оның жұмыс істеу сағатына байланысты. Мәселен, қуаты 100 мегаваттық күн электр станциясын алайық. Қуаты 100 мегаватт болғанмен ол тәулік бойы үздіксіз энергия өндіре алмайды. Түнгі уақытта күннің көзі қайтқанда өнімділігі төмендейді. Жел электр станциясы да дәл солай. Жел болса энергия бар. Генератор айналмаса ол да жоқ. Ал АЭС-тің бір артықшылығы осында. Реактордың қуаты жоғары.

Орталық Азия елдеріндегі электр энергиясының тапшылығы артып барады. Әсіресе қыста гидростанциялардың жұмысы тоқтаған кезде тіпті қиын. Атом энергетикасын дамыту арқылы Орталық Азия елдері ұзақ жылдар бойы тұрақты қуат көзімен қамтылып, жаңа өндіріс ошақтары іске қосылады. Еске салайық, Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясы Жызақ облысындағы Тузкан көлі маңында бой көтереді.

Бахтиёр Эргашев, «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры:
-Біз атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты қатаң талаптар қойылатынын түсіндіруіміз қажет. Қазіргі таңда газды жылу электр станцияларында жағып, одан энергия алу мәселесі күрделеніп барады. Өйткені аталған энергоресурстың басым бөлігі халық пен бизнестің қажеттілігіне бағытталып жатыр. Сондай-ақ әлем елдері «жасыл энергетикаға» бет бұрып жатқанда көмірді қолдану экологиялық ахуалды одан сайын ушықтыра түсетіні сөзсіз.

Әлемдегі бүкіл уранның 40% Қазақстанда өндірілетінін ескерсек, АЭС құрылысы арқасында болашақта еліміз уран шығарудан бастап оны байыту мен ядролық отын шығаруға дейін толық циклын жасауға қол жеткізуі мүмкін.

Сергей Роженко, Kept энергетикадағы сарапшылар тобының директоры
-Атом құрылысы ұзаққа, 10 жылға дейін созылатын іс. Дайындық жұмыстарымен қатар, көп инвестиция құйылатын ірі инфрақұрылымдық кешен салынады. Қаланың ішінде тұрғын үйлер бой көтереді. Құрылыста ондаған мың адам жұмыс істейді. Егер бұрын бұл артта қалған аудан болса, ол бірден өркендей бастап, оған ақша мен шағын бизнес ағылады.

Атом саласы – медицина, ауыл шарушалығы, өнеркәсіпте ядролық технологияларды қолданатын экожүйе. Көп елде, тіпті, байланысты салалардағы ядролық технологиялардан қосымша табыс түседі. Мысалы, Жапонияда атом технологияларын медицинада қолданылуы жыл сайын 20 млрд долларға дейін, ал ауыл шарушалығында 5 млрд долларға дейін пайда әкеледі.