Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық балаларды мерекемен құттықтады
«Бұл – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге қақылы», – делінген құттықтауда.
Сондай-ақ еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Балаларды қорғау күнімен құттықтады. Құттықтау Елбасы баспасөз қызметінің Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев отбасында бақ-береке, қауіпсіздік пен баспананың болуын тұрақтылыққа балады. «Өмір бақыты – әке, ана болу, ата-аналардың денсаулығы және балалардың шаттығы», – делінген құттықтауда.
Расында, «бала – мемлекетіміздің келешегі» деген сөздерді көп естиміз. Алайда біздің билік бүлдіршіндеріміздің сапалы білім алуына қаншалықты назар аударады?
Президент бұл мәселе туралы үнемі ескертіп келеді. Мысалы, білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 мен 2019 жылдар аралығында қосымша 1480 балабақша ашылған. Нәтижесінде елімізде мектепке дейінгі мекемелердің қажеттілігі шамамен 96% қамтылған. Сонымен қатар 5 жылда апатты мектептер саны 4 есеге қысқарды. Саналы ұрпақ өсіру жолында сапалы еңбек ететін мұғалімдер аса қажет. Сондықтан 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақылары екі есе көтерілмек.
Білімді қозғаған соң әлеуметтік қорғау мәселесіне де тоқталайық. Биылдан бастап табысы төмен отбасыдағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріле бастады. Яғни 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілсе, 6-18 жас аралығындағы оқушылар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері, оқу құралдары, жол жүру шығындары мемлекет есебінен жүзеге асады. Сонымен қатар табысына қарамастан, көпбалалы отбасылар бала санына қарай жәрдемақы алады. Жұмыс істейтін жүкті әйелдер үшін біржолғы төлем қарастырылған. Бұдан бөлек 1 жасқа толғанға дейін баланың күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы тағы төленеді. Иә, білімді ұрпақ тәрбиелеу – биліктің басты назарындағы мәселе. Ал сапалы білімнің негізгі арқауы – тәрбие. Осыны ұмытпайық.