Түркістанда терможаңғырту бағдарламасы сапасыз жүзеге асырылған
Тұрғындар терможаңғырту бағдарламасы сапасыз жүзеге асырылғанын айтып отыр. Соған қарамастан үй иелері осы күнге дейін бұл жаңғыртуға кеткен шығынды өздері төлеп келе жатыр. Қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының мамандары бұдан хабардар болып шықты.
Бұл – зейнеткер Гүлзинат Жапақованың пәтері. Баспана 2 жыл бұрын терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. Баспанасы жаңарғанда жалғызбасты ананың қуанышында шек болмапты. Іле-шала пәтерінің ішіне де жөндеу жүргізген. Алайда қуанышы көпке созылмады. Сол жылдың қысында-ақ төбесінен су сорғалаған.
Гүлзинат Жапақова, №17 үйдің тұрғыны:
- Су аққанда бәрін көтеріп жіберді. Амал жоқ, ақысын төлеп отырмын. Жөндеген соң сапалы жасау керек. Шегелерінің бәрі босап, қаңылтыры майысып кеткен. Қаңылтыры да жұқа.
Ольга Владимировна, №17 үйдің тұрғыны:
- Үйіміздің төбесін жұп-жұқа қаңылтырмен жауып кеткен. Консервінің қалбыры сияқты. Бұл жауын-шашында бізге қалай пана болады? Кіреберісті де оңдырмады. Баспалдақтар да қисайып тұр. Барлығын кәнігі құрылысшылар емес, көшеде жүрген бала-шағаға істеткен сыңайлы. Енді босқа ақша бөлеп отырған отырысымыз мынау.
Екінші мөлтек аудандағы Кенесары көшесінің бойында орналасқан №16 және №17 үйлер 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өткен. Мұнда 32 отбасы тұрады. Барлығы да терможаңғырту жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін айтады. Талап бойынша үйге жұмсалған мемлекет қаржысын пәтер иелері 15 жылда қайтаруы қажет. Айына 2600-3600 теңге аралығында төлейді. «Егер мердігер мекеме қайта жөндеп бермесе, қарызды қайтармаймыз», – дейді тұрғындар. Қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясының мамандары да бұдан хабардар. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында мердігер мекеме тарапынан кемшілік кеткенін біліп отыр. Тұрғындар да бірнеше рет шағымданыпты.
Әбутәліп Асанов, қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Тұрғындар шағымданып, бізге хат жазған болатын. Ол бойынша біз мердігер компанияға кепілдік мерзімі ішінде кемшілікті қайтадан қалпына келтіру бойынша ескертпе бердік. Осы аптада су аққан жерлер, кіреберіс баспалдақтағы ақаулардың бәрін қалпына келтіріп беру жөнінде уәдесін беріп отыр. Біздің тарапымыздан қадағаланатын болады.
Алайда Тұрғын үй инспекциясы мамандары жертөлесіндегі құбырларды ауыстыру әу баста жасалған келісімшартта қаралмағанын айтады. Ал егер тұрғындар материалын әперсе, мердігер мекеме ауыстырып беруі тиіс. Жалпы Түркістан қаласында 105 көпқабатты үй болса, 2012 жылдан бері соның 56-сы терможаңғыртудан өткен. Биыл тағы да 17 үйді күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Ал жауапсыз мердігер мен тұрғындар келісімге келе ала ма? Оны алдағы уақытта көретін боламыз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы