Жыл басынан бері алты мыңнан астам адам оралман мәртебесін алды
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен халыққа есеп беру кездесуі кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
«Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Республикамызға 3245 отбасы (6 361 этникалық қазақ) көшіп келді, оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын 631 отбасы (2 224 адам) қабылдау өңірлерінде (Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) орналасты», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың 13 мамырында Мемлекет басшысы көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойғанын мысалға келтірді. Онда келесі жаңа ережелер көзделген:
- «қандас» түсінігінің жаңа нұсқасы. Оған сәйкес этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмағандығы басты өлшем болып табылады;
- жергілікті атқарушы органның оралман мәртебесін алты айдан аспайтын мерзімге, бір рет жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мүмкіндігін кеңейту мақсатында ұзартуы;
- атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы болуы.