Денсаулық сақтау министрі тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынды
«Егер осылай жалғаса берсе, тамыздың соңына дейін ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастардың жалпы көрсеткіші күніне 27 мыңға жетеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сәйкесінше 300 мыңға жуық стационарлық орын керек болады. Сала басшысы тығырықтан шығудың бірнеше нұсқасын ұсынды. Таңдау біреу болатыны анық, бірақ министр маңызды деген үш жолды атады.
Біріншісі – жоғарыда айтқандай бәрін осы күйінде қалдыру.
Екіншісі – республикалық деңгейде 2 апталық қатаң шектеу шараларын енгізу. Нәтижесінде, тәуліктік көрсеткішті 7 мыңға дейін төмендетуге болады. Ал науқастарға қажетті ауруханадағы орындар саны 80 мыңды құрайды.
Үшінші нұсқа 4 апталық шектеу енгізуге негізделген. Оның нәтижесінде тамыздың соңына қарай күнделікті тіркелетін науқастар саны 2500-дей болады. Ал қажетті орындар саны – 30 мың.
«Соңғысы әлдеқайда тиімді. Әсіресе аурудың кеңінен етек жаюына жол бермеу және қажетті инфрақұрылымды дайындау сияқты мәселелердің алын алуға болады», – деді Алексей Цой.