Ақтөбеде жаппай дезинфекция жүргізілуде
Күнделікті міндеті – тұрғындар көп жиналатын орындарды химиялық қоспамен тазалау. Соңғы аптада өңірде аптап ыстық болып, біраз әбігерге салуда. Дегенмен халықтың денсаулығы үшін қызметін жалғастыруға әзір.
Абылай Жанатбаев, дезинфектор:
- Жұмыс костюмі өте ыстық, терлейсің. Сондай-ақ мына аппараттардың салмағы да ауыр. Ішіне 30 литр су кетеді. 5-7-қабатқа көтеріліп түскен кезде өте ауыр болады. Бірақ халық үшін жұмыс істейміз.
Тұрғындар арасында ақ костюм киген азаматтарға күдікпен қарап, сенімсіздік танытатындары да аз емес. «Залалсыздандыру жұмыстарынан қоршаған орта уланады», – деп даурығатындары да кездеседі. Дегенмен наурыздан бері қарай мұндай бірде-бір дерек тіркелген жоқ. Аялдамалар мен саябақтарды қоса есептегенде Ақтөбеде күніне 320 мың шаршы метр жерге себіледі.
Серік Дәулетов, қала әкімдігі аппаратының ТЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Шағын-орта бизнес өкілдеріне біз нұсқаулық бердік. Өздерінің аймақтарына дезинфекция жұмыстарын жүргізу қажет. Ешқандай зияны жоқ. Иісі он минуттың ішінде ұшып кетеді.
Бұдан былай кешенді дезинфекциялау шарасы әр апта сайын жүргізілетін болды. Ал аялдамалар мен өзге де қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жалғаса береді. Бұған дейін облыс орталығындағы 730 пәтер де қатерлі кеселді тасушы вирустардан хлорлы препараттармен тазартылған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков