Қарағандылық кәсіпкерлер емханаларға 10 жеңіл көлікті сыйға берді
Кәсіпкерлер індет басталған кезде вирусқа қарсы күресу мақсатында облыстық қорға 100 млн теңге аударған болса, кейін Түркиядан 100 оттегі концентраты мен дәрі-дәрмек жеткізген еді. Бүгін облыс емханаларын 10 бірдей су жаңа көлікпен қамтып отыр.
Бұл жолы қайырымдылықты ұнататын кәсіпкерлер дәрігерлерді қолдап, емханалардың мобильді топтарының жұмысына 10 жеңіл машинаны тегін тапсырып отыр. Автомобильдер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталған.
Ерлан Нығматулин, «Qaz Carbon» және «YDD Corporation» зауыттарының акционері:
– Ең алдымен, біз адамдарға қамқорлық жасағымыз келеді, сонымен қатар вирусқа қарсы алдыңғы қатарда тұрған медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдеткіміз келеді. Бір кездері мемлекет бизнесмендерге өндірісті дамытуға және аяққа тұруға көмектесті. Қиын уақытта енді бизнес өкілдерінің мемлекет пен қоғамға көмектесетін күні туды.
Машиналар емдеу іс-шараларын жүргізуге, науқастарды тасымалдауға және ауруханаға дейінгі кезеңде пациенттердің жағдайын бақылауға арналған. Испанияда өндірілген Hersill жедел медициналық көмек чемодандарымен қамтылған. Әрбір жиынтық оттегі баллоны, ауа өткізгіштер, интубациялық түтіктер сияқты өмірлік маңызды құрылғылардан және пациентке алғашқы шұғыл көмек көрсетуге арналған тағы басқа құарлдармен жабдықталған.
Давид Кемертелидзе, «Qaz Carbon» және «YDD Corporation» зауыттарының акционері:
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдем қызметіне елеулі жүктеме түсіп жатқаны туралы мәліметті зерделей отырып, біз жедел медициналық жәрдем машиналарын сатып алуды шештік. Біздің қолдауымыз коронавирустық пандемиямен күресте қоғамның игілігі үшін жарар деп үміттенемін.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың наурыз айында YDD Corporation ферроқорытпа зауытының акционерлері Ерлан Нығматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз төтенше жағдай кезінде мемлекеттің іс-қимылын қолдау үшін құрылған облыстық қорға 100 млн теңге бөлді, сондай-ақ Қарағанды облысының ауруханаларына коронавируспен ауыратындарды емдеу үшін 100 оттегі концентраторын, пульсоксиметрлер мен «Эноксапарин» препаратын беріп, гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков