Елімізде фармацевтика өндірісін дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданады
Бұл туралы Қарағанды өңіріне жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді. Отандық фармацевтика индустриясын дамытуға арналған кеңесте Үкімет басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Жалпы елде отандық дәрі-дәрмек өндірісінің өрісін кеңейту бағытында көптеген ілкімді іс атқарылып жатыр. Мысалы, пандемия жағдайында еліміздегі фармацевтикалық компаниялар өндіріс қуатын бірден 4 есеге ұлғайтқан. Ендігі мақсат – осы қарқыннан таймай, үдете түсу.
Бұл отандық дәрілермен қатерлі ісікке және қант диабетіне шалдыққандар емделеді. Екі жыл бұрын өзге мемлекеттен жеткізілсе, енді өзімізде өндіріледі. Болашақта коронавирус індетіне қарсы препарат шығару да жоспарда бар.
Сергей Барон, Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры:
- Қазір біздің фармацевтикалық кешен 9 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. Биыл өндіріс көлемін 8 млрд теңгеге ұлғайттық. Келер жылы тағы 3 жаңа препарат шығаруды жоспарлап отырмыз.
Пандемия жағдайында еліміздегі фармацевтикалық компаниялар өндіріс қуатын бірден 4 есеге ұлғайтқан. Қазір бұл салада 96 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Премьер-Министр Асқар Мамин Қарағанды өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында отандық фармацевтикалық индустрияны әрі қарай дамытудың жай-жапсарын талқылады. Кенді аймақтың бұл бағыттағы аяқ алысы жаман емес. «Индустрияландыру картасы» аясында құны 63 млрд теңге болатын 41 жоба жүзеге асқан. Шамамен 5 мың жұмыс көзі ашылды.
Аян Рысбеков, компания директоры:
- Біздің компания «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысты. Қысқа мерзімде алып нысанның құрылысын аяқтадық. Қазіргі күні әлемнің 70 елінен 400-ге жуық компания бізге дәрі-дәрмек жеткізеді. Шілде айында ішкі нарықта дәрілерге деген сұраныс артты. Соған орай 41 препарат бойынша сатып алу көлемін 300% ұлғайттық.
Отандық фармацевтика өндірісін одан әрі дамыту үшін жаңа бағдарлама керек. Үкімет басшысы оны бизнес қауымдастықтың пікірін ескере отырып қыркүйек айына дейін әзірлеуді тапсырды. «Ең бастысы, дәрі-дәрмек сапасына бақылау күшейіп, бағасы халыққа қолжетімді болу керек», – деді Асқар Мәмин. Сонымен қатар отандық дәрі-дәрмекті сыртқы нарыққа жедел шығаруды, жаңа дәрілерді тіркеу кезіндегі кедергілерді азайтып, талаптарды оңтайландыруды тапсырды.
Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Қазір еліміздегі стационарларда бір айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Амбулаторлық жағдайда ем алып жатқандарға да беріледі. Коронавирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда дәрісіз қалмас үшін енді екі айлық қор дайындалып жатыр.
Бұл күні Үкімет басшысы сондай-ақ Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың жұмысымен танысып, Қарағанды-Теміртау бағытындағы жаңадан салынған жолайрықты көрді. Бұған қоса бірқатар зауытта және дәрілік заттарды сақтайтын логистикалық кешенде болды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков