Қызылорда облысындағы мектепке еліміздің алғаш Премьер-Министрінің есімі берілді
Үлгілі білім ошағының алдына орнатылған кемеңгер тұлғаның мүсінін салтанаты ашу рәсіміне ел зиялылары қатысты.
Елең-алаң жылдары ел іргесін нықтап, саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолына арнаған арда азаматтардың бірегейі – Ұзақбай Қараманов. Жоғары лауазымды қызметтерді мінсіз атқарып, жас буынға адалдық пен азаматтықтың үлгісі бола білген парасатты тұлғаның есімі туған жеріндегі киелі білім шаңырағына берілуінің мән-маңызы зор.
Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:
- Арал қаласындағы білім ұжымдарының біріне Ұ.Қараманов есімінің берілуі жас ұрпақты тәрбиелеуде, білімге, еңбекке баулуда, туған жерге деген патриоттық сезімді қалыптастыруда өте маңызды.
Ұядай ғана Ұялыда дүниеге келіп, Үкіметті басқарып, көш басында болудың түп-төркінінде талайлы, тағдырлы жолдардың жатқаны мәлім. Құрыш қолды құрылысшылықтан бастап, елдік істерге араласқан жылдары туралы толыққанды мектеп ішінен ашылған музейден де танысуға болады.
Құдайберген Саржанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Аралдағы Ұялыда оқып, бір ауыз орысша білмейтін қазақтың баласы 2, 3-курста өзі диктант, шығарма жазып, ешкімнен қалыспай сөйлейтіндей дәрежеге жетті. Мұның барлығы – еңбектің арқасы.
Санира Жанназарова, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Бұл мектеп-гимназия мемлекеттің «100 мектеп, 100 арухана» бағдарламасы аясында 2009 жылы пайдалануға берілген. Аралдық жас түлектер 83,46% мемлекеттік білім гранты иегерлері атанды. Бұл облыстағы 46 инновациялық мектептер қатарына жатады.
Ұзекеңдей үлгі тұтар ұлы тұлғалар Аралдағы үлгілі мектептің үмітін үкілеген ұл мен қызының арасынан әлі талай жарқырап шығарына сенім мол.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов