Junior Eurovision байқауының Ұлттық іріктеуіне қатысатындар қызу дайындық үстінде
700-ге жуық үміткердің ішінен озып шыққан 12 қатысушы 26 қыркүйек күні бақ сынайды. Алайда короновирус індетіне байланысты ән байқауының ақтық сыны онлайн форматта өтетін болды. Еуропалық хабар тарату одағы пандемияға байланысты осындай шешім қабылдады. Енді финалға жолдама алған әр қатысушы өз еліндегі студияда ән шырқайды. Ал қазір жас әншілер қызу дайындық үстінде.
Ұлттық іріктеуге жолдама алған 12 қатысушының бірі он жасар атыраулық Нұршат Құсанова кішкентайынан өнерге құштар. Ол халықаралық ән байқауы туралы әлеуметтік желіден көріп, бағын сынауға бел буыпты. Жас дарынға сәттілік серік болып, Ұлттық іріктеуге жолдама алған.
Нұршат Құсанова, Junior Eurovision 2020 байқауына Ұлттық іріктеудің финалисі:
- Жалпы бұл байқаудың әрі қарай финалына өтемін деп ойламадым. Ағаммен бірге түсіре салған видеоны жібердік. 12 финалистің ішіне кіргенде қатты қуанып кеттім. Дайындық өте жақсы өтіп жатыр. Junior Eurovision байқауына барып, бірініші орын алып, Қазақстанның атын шығарғым келеді.
Қызының талантын таныған ата-анасы осыдан екі жыл бұрын оны вокал үйірмесіне берген. Осы уақыт аралығында біраз шыңды бағындырып үлгеріпті. Халықаралық байқауларда топ жарған жас өрен алдағы үлкен сынға қызу дайындық үстінде. Таңнан кешке дейін тынбай вокал ұстазымен студияда дайындалады. Оқушысының дарынын шыңдап жүрген тәлімгері оның биік белесті бағындырарына кәміл сенеді.
Әділбек Байтаңат, Нұршаттың ұстазы:
- Бұл жобаға әр өңірден кіл мықты балалар келеді. Соның ішінде отыздыққа, кейін он екілікке ілініп, қазір қарқынды дайындық үстіндеміз. Осы айдың 11 жұлдызында Алматы қаласына жол жүріп, сол жерде әйгілі композитор Арман Дүйсенов мырзамен жолығып, әнін орындауға дайындалатын жайы бар.
Талантты жас әуелетіп ән шырқап қана қоймай, мың бұралып би де билейді. Вокалдан сабақ алып жүрген өнер мектебінде би билеудің қыр-сырын үйреніп жүр.
Отбасында Нұршат қана емес, қос ағасы да өнерге жақын. Домбыра мен гитараны серік еткен бауырлары қарындасы үшін қуанышты. Карантин кезінде өнер мектебі жабылған уақытта, ағаларымен бірге дайындалған. Польшада өтетін халықаралық ән байқауына жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан тек бір орындаушы ғана жолдама ала алады. Сондықтан Ұлттық іріктеу – әнші жастар үшін шешуші сәт. Мұнайлы өңірдің атын, еліміздің мәртебесін асқақтатамын деген Нұршатқа сәттілік тілейміз.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов