СҚО-да құс тұмауы өршіді
Алаңдатарлығы, СҚО-да тараған құс тұмауы адамға да жұғуы мүмкін. Санитар мамандардың айтуынша, оның еті мен жұмыртқасына аса мұқият болу керек. Өкінішке қарай өңірде жұқпалы дерт өршіп, 7 мың үй құсы қырылып қалды. Ауру шыққан ауылдарда карантин жарияланды. Шығынға батқан шаруалардың күні не болмақ?
Құс тұмауы тараған ошақтардың бірі – Якорь ауылы. Елді мекенде қыркүйектің басынан бері үйрек-қаздар қырылып жатыр. Белгілері бір, қанаттылардың көзі көрмей, шыр айналып құлайды.
Жаңалық Сарғалин, Якорь ауылының тұрғыны:
- Ауру белгілері 3 қыркүйекте көріне бастады. 4-інен 7-сіне дейін 870 қазым түгел қырылып қалды. Ол қаздар бұрын алынған, бес жыл бойы айналысып келемін. Осы уақыт аралығында мұндай ауруды естіген емеспін.
Өлген құстардың қаны алынып, елордадағы зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы құс тұмауын көрсетіп отыр. Осыған байланысты он ауыл карантинге жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Өңірде барлығы 7 мың құс қырылған.
Берік Әлжанов, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
- Республикалық қордан 780 мың доза вакцина бөлінді. Осы вакцинамен барлық құс егіліп, құс тұмауының әрі қарай таралмауына әрекет етеміз.
Құс тұмауы Н5 түріне жатады. Санитар мамандардың айтуынша, вирус тыныс алу жолдарымен жұғуы мүмкін. Ауа, шаң арқылы да тарайды. Қазір 7 ауданда карантин жарияланып, еті мен құс өнімдерін сатуға тыйым салынды. Дегенмен сақ болған абзал.
Толқын Қаженова, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің бас маманы:
- Ауру құстың ет өнімдерін пайдаланған кезде жұғуы мүмкін. Құс еті мен одан жасалған өнімдер тиісті түрде өңделуі тиіс. Себебі құсты қалыпты температурада, 70 градустан жоғары градуста пісіру керек. Сол кезде ғана вирус өледі.
Ауру ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін бас қаладан арнайы топ келді. Дегенмен құс фабрикаларындағы жағдай белгісіз. Бұл кәсіпорындарға әзірге кіруге рұқсат жоқ.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Шығынға батқан шаруаларға нарықтағы орташа бағамен өтемақы төленеді. Мамандар өлген құстарды үй-үйді аралап санамақ. Бұл жұмысты прокурорлар да бақылауға алып отыр. Айта кетейік, құс тұмауы Ресейдің шекаралас аймақтарында өршіп тұр. Бұл ретте Қазақстан шекарасында көліктерді залалсыздандыру бекеттері қойылады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов