Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында құрылысы бітпеген мектептер бар

Алғашқы тоқсан да аяқталатын уақыт жақындап келеді. Ал құрылыстың аяқталар түрі жоқ. Балалар онлайн оқып жатқанымен, бірқатар кезекші сыныптардың оқушылары балабақшалар мен өзге мектептерге қатынап, амалдап жүр.

Облыста мектеп құрылысына қатысты проблема бірнеше ауданда бар. Бұған дейін бірқатар аудандардағы жағдайды көрсеттік. Меркіде күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеп, балалар балабақшада оқытуға көшкен. Ал Қордайда биыл 180 және 150 орындық екі білім ошағы салынып апатты және орын тапшылығы бар мектеп мәселесі шешілу керек болған. Алайда құрылыс тұралап, жергілікті оқушылар апатты жағдайдағы ескі мектепте білім алып жатыр.

Ал мынау сес көрсетіп, дөрекі сөйлеп жүрген Талас ауданының орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының орынбасары. Бұл мектепте құрылыс жұмыстары бір айға кешіккен. Білім ошағының қызметкері жағдайды анықтауға барған түсірілім тобына дүрсе қоя берді. Қылығы құдды бір мектепті жекешелендіріп алғандай көрінді. Әйтеуір «Негізгі жұмыстар біткен», – деп мектеп ішіне аяқ бастырмауға тырысты. Сөйтсек, іштегі жағдай мүлдем басқа. Құрылыс толық бітпеген. Акт залы мен спортзал жөнделмеген. Шашылып жатқан кітаптар. Мән-жай былай деп түсіндірілді.

Қабыл Сәдуақасов, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының орынбасары:

- 15 тамызда бітіру керек еді. Біз Бердібек Сапарбаев пен бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаевқа ұсыныс жолдадық, хат жолдадық. Біздің хатымызды, ұсынысымызды қолдап, қайтадан 37 млн қаржы бөліп берді. «Оқу кабинеттерін толық жаңартып алыңдар», – деді. Мектептің сырты мен кіреберіс фойенің полы қалды. Акт залы мен спортзал сметаға қосылмай қалды. Ол сметаның ішінде жоқ. Қаржы аз бөлінген.

Айтуларынша негізгі жұмыстар біткен. Тек демеушілік есебінен жасалып жатқан жұмыстар қалған көрінеді. Алайда іші астаң-кестең мектеп оқушыларды жақын арада қабылдауға дайынға ұқсамайды. Әйтеуір мердігер компания өкілдері: «Жақын күндері бітіріп береміз», – деп сендірді.

Абылайхан Сарыбасов, мердігер компанияның өкілі:

- Дәретхана, терезе, есік, бәрін ауыстырып болдық. Линолеумын төсеп, стяжкасын құйып бітірдік, енді сол қосымша жұмыстар ғана қалып отыр. 30 қыркүйекке  дейін бітіріп береміз.

Аудандық Білім бөлімі басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары бір айға кешіккен. Енді ол үшін мердігерлерден өтемақы өндірілмек. Оның үстіне арнайы комиссия құрылыс сапасын тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтапты.

Гүлшат Қожатаева, Талас аудандық Білім бөлімінің басшысы

- Кешікті. Бір айға кешігіп тұр. Кеткен кемшіліктер бойынша технодзормен бірігіп, 12 ескерту жасалды. Тамыз айының басында қосымша 43 миллион қаражат берілді. Сол 43 миллион қаражат ЖКХ арқылы конкурс ойнатылып жатыр. Сол конкурстың бұйрығы шыққаннан кейін барып қайтадан құрылыс жүргізіледі.

Мұндай проблема Шу ауданында да бар. Белбасар мен Қонаев ауылдарындағы қос мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары созылып кеткен. Қашан аяқталып, тапсырылатыны нақты белгісіз. Әйтеуір мердігерлер жанталасып, нысанды өткізуге асығып жатыр. Ал жұрт: «Апай-топай істелген іс шала бола ма?», – деп алаңдап отыр. Айта кету керек, аймақ бойынша 42 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Білім басқармасының мәліметінше, оның алтауы әлі қабылданбапты. Яғни құрылыс бітпеген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә