С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған флешмоб өтті
Шетелде тұратын қазақстандықтар Кеңес Одағының батыры, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арнап флешмоб ұйымдастырды. Бастаманы Чехиядағы отандастарымыз қолдады. Елшілік қызметкерлері мен қазақстандық студенттер Праганы азат етуде қаза тапқан Кеңес жауынгерлерінің ескерткіші алдында жиналды. Қазақстан байрағын ұстап, қала көшелерімен екі шақырым жүгіріп өтті. Мұндай іс-шара алдағы күндері Норвегия, Германия, АҚШ және Ресейде, ал 26 мамырда Астанада өтеді. Спорт фестиваліне кез-келген азамат қатысып, 2 шақырым жүгіріп, Жеңіс қаһармандарына өз ілтипатын білдіре алады.
Бауыржан Жұмағұлов, Қазақстанның Чехиядағы елшілігінің екінші хатшысы:
-Қазақтың батыр ұлдары Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанынан 100 жыл толып тұр. Осы ретте қос батырдың мерейтойларына арналған елімізде, шетелдерде бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Біздің де осында жиналған себебіміз — батырлардың аруақтарына тағзым етіп, олардың ерліктерін еске алу.