Қазақстан трансауған теміржол құрылысына қатысуға дайын
Бұл туралы вице-премьер министр Серік Жұманғарин бастаған делегацияның Ауғанстанға сапары кезінде белгілі болды. Қазақстандық тарап Термезден басталып, Спин-Булдакқа дейінгі теміржолдарын салуға атсалыспақ. Яғни елімізден теміржолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдар, шпалдар мен бекіткіштер жеткізіледі. Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік бермек. Әрине бұл еліміз үшін тиімді. Өйткені соңғы жылдары Қазақстаннан Ауғанстанға ұн мен астық экспорты жылдан-жылға артып келеді. Осы ретте вице-премьер Ауғанстан Премьер-Министрінің орынбасары Абдул Гани Барадарға астық пен ұн жеткізу көлемін арттыру үшін Бейнеу терминалының қуатын қарастыруды ұсынды. Сапар барысында екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелері де сөз болды.