Жамбыл облысында ауыл баласы қолдан трактор құрастырып шығарды
Ерекшелігі көлемі шағын, жылдам қозғалады әрі басқаруға оңай. Ауыл шаруашылығында таптырмайтын құрал екені анық. Шағын көлік бірнеше функцияны атқаратындай етіп жасалған.
Шағын тракторды ойлап тапқан міне мына ауылдың қара домалағы. Бұл идея ауыл тұрмысындағы күнделікті қажеттіліктен туындаған. Ауылды жерде үй ауласы кең, бау-бақша да үлкен. Жерді қолмен аударып, өңдеу қиынға соғады. Жас өнертапқыш жұмысты жеңілдетудің жолын іздеп, шағын агромашина жасауға бел буады.
Бахтияр Тұрғанбаев, жас өнертапқыш:
- Кәдімгі үлкен тракторда бар қызметті атқарады. Арты осылай көтеріліп түседі.
Трактор қырық түрлі бөлшектен құрастырылған. 11-сыныптың оқушысы қозғалтқыш ретінде кәдімгі бензинмен жұмыс істейтін сусорғы моторды пайдаланған. Ал қаңқасын үйдегі темір қалдықтарынан жинапты.
Трактор – ауыл шаруашылығы саласында және күнделікті тұрмыс-тіршілікте қоқыс, қар тазарту сияқты жұмыстарды істеуге таптырмайтын құрал. Қазір барынша агросалаға икемделіп жетілдіріліп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға техникалық шығармашылық орталығының мамандары жетекшілік етуде. Бастан аяқ құрастыруға бір жылдан астам уақыт жұмсалыпты.
Мұхтар Мелдеев, техникалық шығармашылық орталығының директоры:
- Кәсіби бағдар да беріп отырмыз. Оқу орнына түскенде өзінің сүйікті мамандығының иесі болса екен дейміз. Баланың ынтасына қарай сол үйірмеге реттейміз. Әсіресе мына трактор жүргізушілері қазіргі таңда ауыл шаруашылығына байланысты өте қажет болып отыр. Сол өзін-өзі қамту мақсатында екі үйірмемен мамандар дайындап жатырмыз.
Бұл орталықта жеткіншектерге техникалық бағыт-бағдар беріледі. Ең бастысы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Қазір мұнда 500-ден астам ауыл жасөспірімдері дәріс алады.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Міне, бұл туындылар – техникалық шығармашылық орталығы оқушыларының ойлап тапқан жобалары. Басым көпшілігі ауыл шаруашылығына бағытталған. Мәселен, мына электрлі және механикалық әмбебап күбіні оқушылар кәдімгі велосипед қалдықтарынан ойлап тапқан. Яғни осы арқылы ауылдағы қыз-келіншектердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Бұл жерде күбіні осы құрылғы арқылы пісуге болады. Яғни жұмыс жеңілдейді әрі кәдімгі жаттығу. Мұны 8-сыныптың оқушылары ойлап тапқан.
Байқадам ауылындағы техникалық шығармашылық орталықта соңғы сегіз жылда 18 түрлі ерекше жоба жарық көрді. Инновациялық идеялары үшін оқушылар республикалық байқауларда талай жүлдені жеңіп алған. Қазір білім ошағында аэромодельдеу саласына басымдық беріліп отыр. Орталық ұжымы алдағы уақытта тың жобалар әзірлеп, таныстырмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә