Отандық вакцина клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр
«Сабақты ине сәтімен». Десе де, вакцина туралы толық мағлұмат айтылмайды. Ол әзірге құпия.
Коронавирус инфекциясына қарсы QAZCovid-in отандық вакцинасы өз еркімен келіскен адамдарға сынала бастады. Ең алғаш болып, отандық вакцинаны осыдан 7 күн бұрын 18 бен 50 жас аралығындағы 44 ерікті салдырған. Ал бүгін олар алғаш қан талдауларын өткізді. Нәтиже жаман емес.
Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі:
– COVID-19-ға қарсы біздің алғашқы отандық вакцина толығымен қауіпсіз және зиянсыз екенін білдік. Зерттеу барысында адам денсаулығына ешқандай кері әсері байқалмады.
QAZCovid-in инактивтелген вакциналар қатарына жатады. Оның құрамында вирустық ақуыздар болғанымен, вирустардың өзі химиялық тәсілмен жойылған. Бұл патогендер ауру тудырмайды, бірақ адам ағзасындағы иммундық жүйе оларды танып-біліп, қарсы тұруға дайын болады. Яғни, антиденелер шығарады. «Инактивтелген иммунды-биологиялық препараттарды өндіру технологиясы оңай және оларды жылдам әрі көп көлемде жасап шығаруға болады», – дейді ғалымдар. Қазақстандық вакцина бұдан бұрын зертхана жануарларына, оның ішінде маймылдарға да салынды. Ал тамызда екпені ойлап тапқан 7 ғалым оны өздеріне салдырды.
Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі:
– Алдағы уақытта клиникалық зерттеудің екінші кезеңі болады. Бірінші кезеңде біз қауіпсіздік және иммундық мәселеге ден қойдық. Екінші кезең иммунногендік және қауіпсіздікке бағытталған. Оған 200 ерікті қатысады деп жоспарлап отырмыз.
«QAZCovid-in вакцинасын салдырған соң, шамамен 20 күннен кейін мықты иммунитет қалыптасады», – дейді Берік Хайруллин. Енді оның ұзақтығы зерттеледі. Екпені салдыратын еріктілердің денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы керек.
Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі:
– Жаппай екпе жасау үшін алдымен ол тіркеуден өту керек. Қазір біз зерттеудің үшінші кезеңін қарастырып жатырмыз. Ол инфекцияның өршіген уақытында, яғни ауру көбейген кезде жасалу керек. Екінші кезеңнің нәтижелері жақсы шықса, біз де өзге елдер сияқты толыққанды зерттеу жүргізуге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Ғалымның айтуынша, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны сынақтан өткізу кестеге сай жүргізілуде. Ал жаппай егуге бұл препарат келер жылдың басында дайын болады. Екпе қалай жүргізіледі және оның құны қанша болады? Ең бастысы елімізде алғашқы болып ресейлік СПУТНИК V вакцинасы қолданысқа енгізіле ме әлде отандық QAZCovid-in салынады ма оны Денсаулық сақтау министрлігі шешеді.
Авторлары: Алуа Маханбет, Григорий Беденко, Нұрдәулет Жақсыбай