Хабар телеарнасы

Шаруалар малға беретін шөп таппай отыр

Мәселен, Жәнібек ауданында қысқа қажетті шөптің жартысы ғана жиналған. Биыл жазда аз жауын-шашын болды.

Оның үстіне шабындықтарда киік жиі жайылатын болған. Малға беретін шөп таппай шарқ ұрып жүрген шаруалар енді түлік санын азайтуды ойластырып жатыр.

Арман Елемесовтың шаруашылығында 10 шақты адам еңбек етеді. Төрт түлікті қыстан аман алып шығудың қамымен қазір барлығы шабындықта жүр. Биыл шөптің шығымы аз. «Оған дала жануарларының да әсері бар», – дейді қожалық иесі.

Арман Елемесов, шаруа қожалығының басшысы:

– Биыл шөп жылға байланысты нашарлау жасыратыны жоқ. Оның үстіне дала жануарлары киіктер де «көмектеседі». Отарымен осы жерде 5 мыңдай киік жатыр. Біздерге ең басты мәселе мына дала жануары киіктерді шешсе екен. Үлкен проблема туғызып тұрған солар. Төліміз кішкентай кезінде бірге ілесіп шауып кетіп, талай қуып оның артынан жүрген кездеріміз болды.

Міне, Қызыл кітапқа енген киік ауылдың іргесінде жайылып жүр. «Шабындықты отап жатқанымен, қасиетті жануарларды қуа алмаймыз», – дейді тұрғындар. Әйтпесе, құзырлы органдардың қырына ілінеді екен. Алайда малға жем-шөп табу күннен-күнге қиындап барады. Қысқа 117 мың тонна шөп дайындалу керек болса, қазір соның жартысы ғана жиналған.

Арман Ысқақов, Жәнібек аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жауын-шашын болмай, жер ылғал жинамай шөптің шығымы өте нашар болып жатыр биыл. Жылда 5-6 центнер алатын едік шөпті, биыл 2-3 центнерге түсіп кетті. Міне, күз айы болды әлі шауып жатырмыз. Бізді құтқарып тұрғаны биыл қыс болған жоқ, сондықтан шаруа қожалықтары шөпті үнемдеп отыр. 60-70 пайыз шөпті үнемдеп қалды.

Киіктер көрші Қазталов ауданындағы ауыл тұрғындарын да алаңдатып отыр.

ИНТЕРШУМ:

– Біздер мына Қарасу ауылының тұрғындарымыз. Мына далада ауылға киік кіріп, өзімізде жайылыс жоқ, шабындық шөбіміз де жоқ. Рулонның бағасы –10 мыңнан.

– Жоғары жақтағы кісілерге, ағаларымызға айтарымыз – әрекет жасау керек қой енді. Ауылдың іргесі мынау енді...

Шаруалар мәселені көтеріп, бірқатар мемлекеттік органдарға шағымданған. Әзірге «Жерді қоршаңыздар!» дегеннен басқа мардымды жауап жоқ.

Жасұлан Бәсеров, облыстық Кәсіпкерлер палатасы жәнібек аудандық филиалының директоры:

– Киіктерге қатысты мәселе Үкімет деңгейінде шешімін табуы тиіс, заңдар өзгере ме, сондай бір нақты шаралар алынуы қажет. Ақбөкендерді қорғаумен бірге ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын да ұмытпауымыз керек қой. Дала жануарарының санын реттеумен айналысатын бір ұйым құрылуы керек. Ол үшін кеңестік кезең тұсындағы тәжірибені қолдануға болады. Бала кезімізде, мысалы, дүкенде киік еті сатылатын. 

Осыдан екі жыл бұрын Батыс өңірде 217 мыңдай киік болған. «Ал биыл бұл жануарлардың саны екі есеге артқан болуы мүмкін», – дейді мамандар. Дегенмен, карантиндік шараларға байланысты оларға нақты санақ жүргізілмеген.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов