Депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігі артады
Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер, ұстаздар қауымымен кездесу барысында қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеру, интернет желісін жалпақ жұртқа қолжетімді ету мәселелері де жан-жақты талқыланды.
Бауыржан Байбектің Алматы облысына сапары Қапшағай қаласының іргесіндегі кәсіпорынның жұмысымен танысудан, праймеризге үміткерлермен және партия мүшелерімен кездесуден басталды. Онда еліміздегі ең беделді саяси ұйымның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы қызу талқыланды.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
– Ең бастысы – сайлауалды бағдарламаны талқылау. Жүйелі түрде адамдар не айтып жатқанын соны қарау. Президентіміз айтқандай, «Халық – құлақ асатын мемлекет» қағидасы бойынша жалпы халықтың пікірін білу. 5 жылдық бағдарлама енгізіп, енді соны орындау барысын қадағалау. Негізгі мақсат – осы.
Нұр-Сұлтаннан халықтың пікірін білу үшін келген басшы мен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне тұрғындар интернет желісінің дұрыс ұстамайтынын, оның өз кезегінде қашықтан оқытуға айтарлықтай кедергі келтіретінін алға тартты. Халықтың әлжуаз тобына пана болып отырған саяжай аумақтарындағы жағдай тіптен қиын.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
– Қаржы бөліп, күшейткіштерді сатып алып жатырмыз. Бүгінде облыстағы барлық елді мекендердің 10 пайызында интернет өте баяу ұстайды. Оның ішінде саяжай аумақтары да бар. Қазан айының орта шеніне дейін біз бұл мәселелердің бәрін шешеміз. Қашықтан оқытуға қажетті компьютер, планшеттермен де қамтамасыз етеміз.
Әлемдік тәжірибе бойынша қашықтан оқыту кезінде сауаттылық 30 процентке дейін төмендейді екен. Сол үшін еліміздегі білім ошақтарында кезекші сыныптар жасақталды. Талдықорғандағы ұстаздар қауымы Шығыс Қазақстан облысындағы кезекші сынып оқушысынан коронавирус инфекциясының анықталғанына алаңдаулы.
Елена Филимонова, №12 мектеп-гимназия мұғалімі:
– Сіз пандемия мен адамдардың денсаулығы жайлы, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесі туралы жақсы айттыңыз. Шығыс Қазақстан облысында 2-сынып оқушысының ковид жұқтырғаны белгілі болды. Кезекші сыныптарды жабу керек болар, бәлкім. Қалай ойлайсыз?
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
– Бұл оп-оңай шеше салатын мәселе емес. Премьер-министрдің жетекшілік етуімен мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. «Иә, жабу керек!» десең, оның артында мыңдаған адамның тағдыры тұр. Жаппайын десең, азаматтардың, оның ішінде өзіңіз сияқты мұғалімдердің денсаулығы тағы бар. Дегенмен, мен сізге айтайын, бір оқиға үшін кезекші сыныптарды жауып тастамайды. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаған абзал.
Ұстаздарды алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаған Бауыржан Байбек партия мүшелерінің 30 проценті мұғалімдер екенін, сондықтан алдағы уақытта да олардың мәртебесін көтеру мәселесіне айырықша көңіл бөлінетінін алға тартты. Алматы облысы бойынша праймеризге қатысуға 1116 үміткер өтініш беріп, 61-і әртүрлі себептерге байланысты оған қатысудан бас тартқан. Партия Төрағасының бірінші орынбасары: «Жаңа жүйе болашақ депутаттардың жұмысына соны серпін, өзгеше леп әкеледі», – дейді.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
– 5 жылдан кейін халық сұрайды ғой: «Сен не істедің? Ұйықтап отырдың ба немесе жұмыс істедің бе?» – деп. Сондықтан олар басқаша жұмыс істейді. Партия соны қадағалайды, бақылайды. Осы бағдарламаны қабылдап, біз сосын оны міндетті түрде орындаймыз.
«Партияның негізгі мақсаты – дарынды, білімді, елім, халқым деген азаматтарды билікке әкелу. Сондықтан қазан айының басына белгіленген праймериз ашық, әділ, тең жағдайда өтеді деген сенімдемін», – деді Бауыржан Байбек.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Ғазизуллина