Қазақстанда Президент кадрлық резервінің құрылғанына бір жыл болды
Оның құрамына мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге тиісті 300 адам қабылданды. Қазір сол 300 адамның 153-і жұмысқа орналасыпты. Бүгінде өз бағыттары бойынша белгілі саланың тасын өрге домалатуға үлес қосып жатыр.
Саятбек Оразбеков – ІТ саласының қарапайым мұғалімі. Анығын айтқанда кадрлық резервке дейін ұстаздық еткен. Болашақпен Ұлыбританияда білімін шыңдаған. Германияда екі жыл жұмыс істепті. Бес тілді жетік біледі. Президент жариялаған сыннан сүрінбей өтіп, қазір Ұлттық банктің цифрлық жүйесін жетілдіріп жүр. «Бұл – бағындырар белестің бірі ғана», – дейді.
Саятбек Оразбеков, ҚР Ұлттық банкі Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары:
- ІТ маманы болған соң қазақ жерінің ІТ саласын дамытуға өзімнің үлесімді қосуға, Алдағы жылдары да өзімді Ұлттық банкте көремін. Қай лауазымда екенін білмедім, уақыт көрсетер.
Саятбек секілді жігерлі жастар үнемі ізденіс үстінде. Бәлкім содан болар 300 қатысушының 153-і қалаған қызметіне білек сыбана кірісті. Қалғаны жұмыссыз жүр деу әбестік, әрине. Оларға да ұсыныс жасалды. Тек мамандық немесе лауазымы сай келмеген. Әйтпесе барлығының тәжірибесі бес жылдан кем емес. Бұл іріктеудің негізгі талабында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.
Юлия Овечкина, ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Осыған дейін балалардың құқығын қорғау ісі бойынша бес жыл Өскеменде жұмыс істедім. Елордаға ауысқаныма жарты жылдан асты. Қазір комитетіміздің алдында үлкен меже тұр. Әрине, аз уақыт ішінде сүбелі үлес қостым деп айта алмаймын. Бейімделу кезеңінен өттім. Жаңа ортаның мақсаттарымен таныстым. Енді аянбай еңбек етуіміз керек.
Барлық қатысушының жасы 35-тен аспайды. Жоғары білімдері бар. Барлығы дерлігі кемінде 2-3 тілді жетік біледі. Мәселен, Ләззат Әділова ағылшын, орыс, қытай тілдерінде қымсынбай сөйлейді. Бірақ қазақ тілінде сұхбат бергенге ұялатынын айтты. Қызметі халықаралық ынтымақтастықпен байланысты.
Ләззат Әділова, ҚР ЕХӘҚ министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары:
- Еңбек өтілім тоғыз жыл. Түрлі халықаралық ұйымдар мен компанияларда жұмыс істедім. Бұған дейін жеке корпорацияларда қызмет еттім. Алда атқарар шаруа көп. Мен өзім осы бағытта жұмыс істей бермекпін. Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Халқыма қызмет етуді жоспарлаймын.
Халыққа қызмет ету дұрыс-ау. Алайда сол бұқараның басым бөлігі қазақ тілді. Ендеше мемлекеттік тілден арланса, ертең қоғам алдында қалай баяндама жасамақ. Әсілі, Президент жүзден жүйріктерді биліктің кем-кетігін түгендесін деп жинаған. Кем-кетіктің бірі – мемлекеттік тіл. Демек, кадрлық резервте жүрген әрбір жас алдымен осы олқылықтың орнын толтыру керек емес пе?!
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров