Құс тұмауы Баянауылға жетті
Үй құстарын баудай түсірген жұқпалы індет бұл жолы Баянауыл, Ақтоғай ауданының орталығынан және Желеезинка ауданының Озёрный ауылынан табылды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек Ақтоғай ауылында – 357, Баянауылда – 48, Озёрныйда – 150 құс өлген. Озёрный осыған дейін де шығынға ұшыраған Железинка ауданына қарайды. Құс тұмауынан қырылған қанаттылардың жалпы саны өңірде 2 мың 163-ке жетсе, 10,5 мың құс тәркіленіп жойылған.
Індетке қарсы вакцинациялау ісі жалғасуда. Бүгінгі күні 257 мың құс тұмауға қарсы егілді. Бұл шара жеті ауданды қамтып отыр. Мамандардың айтуынша, құс фабрикаларында жағдай тұрақты. Олар өздерінің кестелеріне сәйкес вакцинацияны дер кезінде қолға алған және қатаң карантин режимін енгізіп отыр.
Қалыптасқан ахуалға байланысты Ветеринарлық бақылау инспекциясы күніне екі мәрте мониторинг жүргізеді. Осы індет шыққан аумақтарда 133 ветеринар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар республикалық эпизоотияға қарсы арнайы жасақ жұмылдырылған.
Атап өту керек, құс тұмауы алғаш тіркелген Тереңкөл ауданының Трофимовка ауылымен Железинка ауданының Ақтау ауылында эпидемияға қарсы жұмыстар толық аяқталып, құс өлекселерін өртейтін пеш жаңа індет ошақтарына жеткізілді. Қазір ауру тараған ауылдарды карантинге жабу мәселесі қаралып жатыр. Біз жауапты сала мамандарынан сұқбат алған едік. Соны тыңдап алсақ.
Бәке Тасыбаев, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясы басшысының орынбасары:
– Карантин мерзімі қолданылғаннан кейін ауылдағы барлық құс тәркіленіп, жойылады. Жойылғаннан кейін ережеге сәйкес бұларға өтемақы төленеді. Өтемақыны біз орта есеппен алғанда статистика мәліметтеріне жүгінеміз. Қыркүйек айында статистикалық мәліметтер шыққаннан кейін бұларға толықтай республика тарапынан өтемақы төленетін болады.