«Ауыл» партиясының мүшелері Бұланды ауданына барды
Онда тұрғындар ауылдағы түйіні әлі тарқатылмаған негізгі мәселелерді шешіп беруді өтініп жазыпты. Ауыл халқының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Көкейді кернеген осы мәселеге көпшілік екпін салуды ұсынды.
Ауылдағы ағайынның жағдайы мүшкіл. Мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің тең жартысы еңбекке қабілетті. Алайда соның 20% ғана екі қолға бір күрек ұстаған. Қалғандары қорадағы төрт-түліктің қас-қабағына қарап отыр. Оның өзі мәз емес. Жайылымдық жер тапшы. Себебі серіктестік ауылды айнала егін егіп тастапты.
Амангелді Ақатұлы, малшы:
- Егінге кіріп кетсек, айыппұл салады. Әуелі мініп жүрген атымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мініп жүрген бақташының атына дейін алып қойған. Тың жерлердің бәрін жыртып тастаған.
Енді су мәселесі. Халық ауылдың негізі қаланғаннан бері осындай лай суды ішуге мәжбүр. Орталықтандырылған су құбыры тартылмағандықтан, әркім үйлерінен осындай құдық қазып алған.
«Ауыл» партиясы көтерген бұл мәселе 2022 жылға дейін шешімін таппақ. Осы саланың мамандары жиналыста осылай деді. Яғни екі-үш жыл ішінде ауыл тұрғындары түгелдей сапалы ауызсумен қамтылады.
Сәкен Сыздықов, құрылыс бөлімінің жетекшісі:
- Биыл үш ауылға су тарту үшін жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге қаржы бөлінді. Соның ішінде Қараөзек ауылына 11 млн тг бағытталады. Жыл соңына дейін тиісті құжаттарды өткіземіз. Жалпы 2023 жылға дейін барлық ауылды сумен қамтуымыз керек.
Жолдың жыры тағы бар. Көктемде қар көбесі сөгіліп, қарғын су қарқын алғанда қайда барарын білмей, әбігерге түседі әлеумет. Бұл үйреншікті құбылысқа айналыпты. Ал әлеуметтік нысандардың көркі көңіл көншітпейді. Айталық, ескі наубайхана, мәдениет үйі мен тұралап қалған ғимараттар ел игілігіне берілмейді. Себебі бәрі жекенің қолында.
Халықпен жүздескен «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары аманатқа қиянат жасамайтынын айтты. «Айтылған мәселелер еліміздегі барлық ауылға тән құбылыс», – деді. Бірақ аталған олқылықтардың орнын біртіндеп толтыруға уәдесін берді.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасры:
- «Ауыл» партиясы осы мәселелерді шешеді. «Ел аманаты» деген сауалнама ұйымдастырған едік. Аманат ретінде жүктегендеріңізге рахмет.
Қараөзектегі халық саны мыңға да жетпейді. Бірақ тұрғындар ауылды жетімсіретпей ұстауға тырысады. Себебі көпшіліктің 70% – атажұртты аңсап келген қандастар. Олар партияның бастамасына ыстық ықыласын білдіріп, істің аяқсыз қалмайтынына сенім білдірді.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Нұрлан Малгелдинов