Сотқа деген сенімді қалай күшейтуге болады?
Бұған тосқауыл қою керек. Қазақстан судьяларының 8-съезінде осы мәселе айтылды. Қазылар құрылтайына Президент те қатысты.
Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау жалғаса беретінін мәлімдеді. Бірақ осы іске іріткі салатын мәселелер де аз болмай тұр. Оның бірқатарын Президент тізіп өтті. Сотқа деген сенімді қалай күшейтуге болады?
Биыл тамыз айының аяғында Батыс Қазақстан облысының алқабилер сотының шығарған үкімі қоғамның назарын аударып қана қоймай, наразылығын да тудырды. 12 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен азаматты сот 2,5 жылға бас бостандығынан айырған. Алқабилер сотының мұндай жұмсақтығы – әсіресе әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
Кейін дәл осы іске қатысты сот өкілдері арнайы мәлімдеме жасады. Анықталғандай, айыпталушы қыз баланы зорламаған, онымен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түскен. Бұл бап бойынша қатаң жаза емес. Ал бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын аудандық сотының төрағасы – Татьяна Курынова. Бүгін ол Президенттің алдында ашығын ашына айтты. Қазақстандық соттарға БАҚ пен блогерлер тарапынан көрсетілетін қыспақ көп.
Татьяна Курынова, СҚО Шал ақын аудандық сотының төрағасы:
– Бізде осындай үрдіс белең алып барады. Қорлайды, полиция, прокурорлар, судьялар туралы «фейк» жаңалықтар таратады. Әрине, сындарлы сынды қабылдаймыз. Бірақ судьялар да адамдар, олардың да эмоциясы бар. Мұндай пікірге қарсы тұру психологиялық тұрғыдан қиын. Қоғамдық пікірге сәйкес келмейтін заңды шешім қабылдау әрқашан оңай емес. Жала жабу, қорлау, судьялардың атына жазылған әлеуметтік желілердегі боғауыз сөздер жазасыз қалады. Бізді Судьялар одағы да қорғап жатқан жоқ.
Президент бұл мәселеден хабардар болып шықты. Тіпті кімнің кінәсі барын атап беріп, түйінін айтты. Сотқа қысым жасайтындар Заң бойынша жазалануы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұған кейбір құқық қорғау органдарының да кінәсі бар, олар қабылданған шараларды жариялауға асығып тұрады. Осылайша адамдарға қылмыскер деп таңба басады. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек. Әрбір судья өз әрекеті мен шешімдері үшін жеке жауап береді, сотқа қысым жасау фактілері үшін де Заң бойынша жауап беру керек.
«Қайдан келесің? Соттан келем!» деп Бейімбетше айтпайтын заман туды. Бүкіл әлем пандемияны бастан кешіп жатқанда, соттар да жаңа жұмыс тәсіліне көшті. Сот процестерінің 95 проценті қашықтықтан өтеді, күніне 4,5 мыңға дейін онлайн-процесс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Көптеген елде соттардың жұмысы тоқтап қалғанда біз сәтке де дамылдаған жоқпыз. Дегенмен пандемия кезінде құқық қорғау органдары мен сот жұмысындағы кемшіліктер айқын байқалды. Заңнаманың жиі өзгеруі және тәжірибе жүзінде әртүрлі болуы, жемқорлықтың белең алуы, білікті мамандардың тапшылығы түйткілді мәселелер болып отыр. Осындай олқылықтар сот билігіне сенімсіздік тудыруда. Осыны реттеу үшін біз соңғы жылдары бірқатар нақты істерді жүзеге асырдық. Атап айтқанда, бес буынды сот жүйесінен үш буынды модельге көштік.
Президент Жоғарғы соттың атқарған жұмысын жоғары бағалады. Нәтиже бар және ол жақсы. Соттар тәуелсіздігі өлшемі бойынша Қазақстан 71-орында тұр, ал Заң үстемдігі индексі бойынша 62-орынға табан тіреді. «Жұмыс жалғасады», – деген Мемлекет басшысы сот саласындағы басым бағыттарды атап көрсетті. Оның біріншісі, әрине – Адам құқықтары және Заң үстемдігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Адам құқықтары және Заң үстемдігі. Әлемдегі алпауыт елдердің тұрақты дамуы адам құқықтарын қорғау және Заңның үстемдік ету мәселесіне тікелей байланысты. Судьялар корпусы өздерінің күнделікті жұмыстарында осы ұстанымдар мен құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс. Судьялар адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуын басты назарда ұстауы керек.
Ал екіншісі – сот тәуелсіздігі. Отандық және халықаралық сарапшылардың айтуынша, біздегі судьялар сот төрағалары мен алқа билерге, тіпті құқық қорғау органдарына да тәуелді. Ал үшіншісі – кәсіби судьялар корпусы. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, іріктеуден іркілмей өтетіндер тіптен аз.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:
– Жоғарғы сот судьяларды іріктеу тәсілін түбегейлі өзгертті. Әлемдік тәжірибеге сүйенді. Нәтижесінде бұрын 4 кандидаттың 1-еуі судья атанса, қазір 20-дан біреуі іріктеуден өтеді. Иә, 14 процент бос лауазым. Бірақ бұл «кездейсоқ» кадрлерден қарағанда әлдеқайда жақсы. Судьяларды аттестациялау әдісі де өзгерді. Бұрын 100 судьяның 1-еуі өтпей қалатын, қазір 10-ы лауазымынан бас тартады. 1,5 жылдың ішінде 51 судья жарамсыз деп танылды. Бұл өткен 10 жылды қоса алғандағы көрсеткіш. Үш жылда судьялардың 84 проценті аталған аттестациядан өтеді.
«Жоғарғы сот қабырғасында жемқорлармен күрес күшейді», – дейді Жақып Асанов. 2018 жылдан бері 28 судья қылмыстық қудалау субъектісіне айналған. Бұл 8 жыл бұрынғы біріктірілген деректен көп. Оның 14-і сотталды, қалғандары не жұмыстан шығарылды не олардың істері әлі сотта қаралып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сот төрелігі академиясына қатысты мәселелер де бар. Қазіргі уақытта 60-тың 7-еуі ғана судьяға барады. Бұл ретте олардың дайындығы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Тағылымдамадан өту үшін олар жалақының 70 процентін алады. Академияда жұмыс істейтін нәрсе бар.
Жоғарғы соттан ескі әрі тар ғимараттарға дейін. Бүгінгі қазылар құрылтайында судьялар аудандық соттарды біріктіруді сұрады.
Біржан Кәрібжанов, Алматы қалалық сотының судьясы:
– Жасыратыны жоқ, сот ғимараттарының жартысынан көбі ескі әрі тар. Өткен ғасырдың 20-шы, 80-ші жылдары салынған. Қазір бұл ғимараттар заман талабына сай емес. Сол себептен сотқа келушілердің өкпесі қара қазандай. Өйткені жағдай ең бірінші соларға керек. Бұл проблеманы шешудің ең оңай жолы – әрине, пәленбай миллиард қосымша қаржы сұрау. Мысалы, Әзербайжан 200 миллион доллар кредит алып, бір стандартпен барлық ғимараттарды салып тастаған. Әрине, кредит алуды сұрап тұрған жоқпын. Меніңше, мәселені ұтымды, тез шешудің басқа жолы бар. Жақып Қажыманұлы, өткенде Сіз аудандық соттарды біріктіру туралы айттыңыз. Меніңше, ең тиімдісі сол.
Президент бұл пікірмен де келісті. Үкіметке арнайы тапсырма беретінін жеткізді.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Беделі мінсіз әрі тәуелсіз судья. Дамыған елдерде судьяларға қойылатын талаптар өте жоғары. Олардың өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті бұл лауазымға тағайындалмауына себеп бола алады. Біз бұл тәжірибеден, әрине, әлі алыспыз. Бірақ біздің қоғам әлдеқашан жоғалтып алған сот жүйесіне деген сенімді қайтарудың бірден-бір жолы осы.
Авторы: Гүлжан Марқабаева