Маңғыстауда үш жылға созылған автожол құрылысы аяқталды
Енді халық ешбір қиындықсыз жаңа жолмен қатынайтын болады. 13 шақырым жолды жаңғырту жұмыстары 2017 жылы басталған болатын. Көп ұзамай мониторингтік топ жолдың сапасыз салынып жатқанын анықтаған. Осыдан кейін жол жөндеуді жауапкершілігіне алған мердігер мекеме өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтірді.
Жалпы Маңғыстауда соңғы үш жылда 368 шақырым автомобиль жолы салынып, 306 шақырымы жөнделіп, жаңғыртылды. Қазіргі уақытта теңізді жағалай салынған демалыс орындарына қарай және «Құрық» портына дейінгі автомобиль жолын жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жол 2 жолақтан, 4 жолаққа кеңейтілуде. Жиегіне тротуар, веложолақ төселіп, жарық шамдары орнатылды.
Абай Тұралханов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
– Әуежайға дейінгі жолды 2 жолақтан 4 жолақты жолға кеңейту жұмыстары іске асырылады. Жол құны 12 миллиард теңгені құрайды. Жалпы ұзындығы – 24 шақырым. Қазіргі таңда ашық конкурс басталды. 2021 жылдың басында құрылыс жұмыстары басталады.