СҚО-дағы бірнеше ауылда мектеп ғимараттары аукцион арқылы сатылып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше ауылдағы мектеп ғимараттары аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Бәссауда шарты бойынша олардың ең төменгі бағасы бір теңге тұрады. Қазір аталған елді мекендерде оқитын бала жоқ. Тіпті ауылдағы ағайынға тиісті жағдай жасалмаған соң, тұрғындар да туған жерлерін тастап кетіп жатыр. Тұрақты жұмыс, жайлы жер іздеп...
Қираған үйлер, шөп басып қалған көшелер. Бұл – Рождественка ауылы. Бұрындары дүркіреп тұрған елді мекенде халық мал бағып, егіншілікпен айналысқан еді. 200-ден астам үйдің қазір тек оны ғана қалған. Тұрғындардың туған жерін тастап кетулеріне тұрақты жұмыстың жоғы себеп болған.
Василий Воскобой, Рождественка ауылының тұрғыны:
- Үлкен ауыл болған еді. Қазір біздің көшеде үш-ақ үй қалды. Халыққа жағдай жасалмаған соң, бәрі кетіп жатыр. Мектебіміз қандай еді?! Шағын орталық та жұмыс істеген болатын.
Иә, мұндағы мектеп осыдан 3-4 жыл бұрын жабылып қалған. Екі қабатты әлеуметтік нысан қазір сатылымға шығарылды. 9,4 млн теңгеге бағаланып отыр. Бос тұрған ғимаратты Татьяна Усова күзетеді.
Татьяна Усова, күзетші:
- Мектеп күзетілмесе, бір-ақ күнде бұзып тастар еді. Қазір есігі құлыптаулы. Баяғыда осы жерде балаларымыз оқыған. Тіпті медициналық пункт болған еді. Қазір міне қаңырап, бос тұр.
Мектеп жабылған соң, ауылдар да құрып жатыр. Мәселен, тек бір ғана Жамбыл ауданында үш бірдей білім ошағы аукцион арқылы сатылмақшы.
Бауыржан Молдағалиев, Жамбыл аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
- Ақбалықта бір де бір адам қалмады. Үлгі ауылында мектепке баратын бала жоқ. Рождественкада да дәл осындай жағдай. Қазір үш ғимаратты бағалап, аукционға шығардық. Егер алатын ешкім болмаса, біз олардың құнын 50% дейін төмендетеміз.
Мектеп жабылған ауылдарда қазір зейнет жасындағылар ғана тұрады. Қалғандары жанға жайлы жер іздеп, өзге елді мекендерге көшіп кеткен. Жалпы білім басқармасының мәліметі бойынша соңғы он жылда өңірде 145 білім ошағы жабылып қалған екен.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов