Қарағанды өңірін газдандыру жұмысы тағы шегерілді
Бірақ жұмыс кешеуілдеп жатыр. Сонымен ірі жобаның алғашқы кезеңі қашан аяқталады?
Лариса Гальблауб – табиғи отынның келуін тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі. Қазір газ құбыры үйдің іргесіне дейін жеткен, енді ішке тарту керек.
Лариса Гальблауб, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Біз өмір бойы пеш жағып келдік. Сондықтан газдың қаншалықты тиімді болатынын біле қоймаймыз. Оны уақыт көрсетеді. Негізі көгілдір отын биыл берілмекші еді. Естуімізше енді тағы келесі жылға қалдырыпты.
«Алты ай от жағатын ауылдар газға көшкенде аймақтың экологиялық жағдайы да күрт жақсарады», – дейді мамандар. Жобаның алғашқы кезеңі келесі жылдың соңында аяқталмақ. Әуелде тек Қарағанды қаласында 1500 үй газға қосылады. Бірақ құбыр тарту жұмыстарында біраз қиыншылықтар туып жатқанға ұқсайды.
Дастар Тойкенов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Өткенде келіп: «Үйдің жанынан қазамыз», – деді. Бізге күллі судың бәрі жолдан келеді. Қазған соң, оның бәрін іліп алып, сындыратын болды. Бір рет келді де, қаза алмай қайтадан қайтып кеткен. Енді келіп, қайтадан қопарып жатыр. Ертең бәрі шашылып қала ма сонда?!
Әзірге табиғи отынның тарифі нақты бекітілмеген. Анығы, газға қосылу аз ақша емес. «Шамамен 500 мың теңгеге бағаланып отыр», – дейді тұрғындар. Бірақ бұл жұмыстар тек келесі жылы басталады.
Нұрлан Абжанов, Қарағанды қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- 2019 жылы 300 млн теңгені, ал биыл осы күнге дейін 1 млрд 800 млн теңгені игердік. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға газ тарату қондырғысынан әр үйге құбыр тартамыз.
Қарағандылық кәсіпкерлер газдандыру жобасын жедел әрі сапалы жүзеге асырудың кешенді жоспарын билікке ұсынған. Бірақ қолдау болмапты. «Олар бұл жұмысты бизнеске берсе, қаншама бюджет қаржысы үнемделетін еді», – дейді. Өңірдің көптеген кәсіпкері газ есептейтін құрылғы мен қазандық өндірісін жолға қойып, құбыр тарту жұмыстарына қаржы құюға дайын болған.
Николай Абт, кәсіпкер:
- Егер бұл жобаны бізге бергенде өңірдегі бизнес өкілдері бірігіп, облысты газдандыру жұмысын екі-ақ жылда аяқтап бітер едік. Біз бұл ұсынысымызды айттық, бірақ ешкім құлақ аспады. Енді қараңыз, екі жылда қанша жұмыс атқарылғанын. Егер жұмыс дәл осы қарқынмен жүре берсе, облысты табиғи отынмен толық қамтамасыз ету үшін әлі де бірнеше жыл керек.
Айта кету керек, мың шақырымнан асатын магистральді газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Жоба бойынша келешекте өңірдегі 9 қала мен 114 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев