Ауыл жұрты мектептің жабылуына қарсы
Білім ошағында оқушы саны жетпеген соң әрі санитарлық жағдайы талапқа сай келмегендіктен, сабақ өткізуге тыйым салынған. Алайда ауызбіршілігі жарасқан ауыл жұрты өз күштерімен мектепке су тартып, ішіне дәретхана салып, балаларды өзге ауылға жібермеудің қарекетін жасап жатыр.
Өткен ғасырдың 30 жылдары салынған бұл мектепте бір кездері тіршілік қайнап жатса, қазір мұнда не бары 11 бала оқиды. Оқушы саны жетпеген соң аудандық Білім бөлімі мектепті жаппақ болған. Бірақ тұрғындардың өтініші бойынша қалдырады. Жуырда жоғарыдан ауылға тағы ескерту келіпті. Айтуларынша, оқу ордасының санитарлық жағдайы талапқа сай емес.
Марат Әлжанов, ауыл тұрғыны:
– Суы жоқ, дәретханасы жоқ, сондықтан мектепті жабамыз деп бірнеше рет жоғарыдан нұсқау келген еді. Соған енді біз жағдай туғыздырамыз, қалай болса да дәретханасын жасаймыз, суын жасаймыз деп өзімізше тырмысып жатырмыз.
Ауылға ең жақын елдімекен – 8 шақырым жерде. Қыста бүлдіршіндерді апарып оқыту қиын. Сондықтан бар мектепті сақтап қалу керек. Бұл жолы да ауыл жұрты ауызбіршілігін көрсетті. Қазына қаражатын күтпей, әлеуметтік желі арқылы бірін-бірі асарға шақырып, жұмысты бастап кеткен. Бұрын дәретхана далада болса, енді ішке кіргізіп жатыр.
Айна Оразалимова, ауыл тұрғыны:
– 700 мыңдай жиналды. Бұрын Ресейге, Германияға көшіп кеткен ауылдастарымыз бар, сосын ескі тұрғындарымыз бар Қарағанды, Теміртау, Сортировка жақта және осы ауылымыздың адамдары барлығы көмек беріп жатыр. Біздің балаларымыз жылы, жақсы жерде оқысын деп.
Жуық арада мектеп ішіне су мен жылу жүйесі де тартылмақ. Ал пешті ауыл тұрғындары сыйлапты. Жұрттың белсенді жұмысын көрген соң жергілікті әкімдік те қарап отырмай, асарға атсалыса бастаған. Қазір жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бюджеттен 2 миллион 600 мың теңге бөлініпті.
Индира Оспанова, Тұзды селолық округінің әкімі:
– Егер мектепке көмек беремін дейтін демеушілер табылып жатса, біз қолдан қақпаймыз, әрине. Әркім өз қалауынша жақсылық жасауға құқылы. Ауыл тұрғындарының бұл әрекетін «Туған жер» бағдарламасының жарқын көрінісі деп айтуға болады.
Әкімшілік қалған жұмысты аяқтаймыз дегенмен халық ақша жинауды жалғастырып жатыр. Олар: «Келесі көктемде өз күштерімен мектептің шатырын жөндеп алсақ», – дейді.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев