Семейде жылу бағасы қымбаттады
Оларға берілген түбіртектегі сома әдеттегіден 2 есе көбейіп кеткен. Жылу маусымының алғашқы айы ойдағыдай өтті. Тек оның ақысы тұрғындардың көңілін күпті етіп тұр. Төлем көрсеткіші әдеттегіден бірнеше мың теңгеге артып кеткен.
Анар Таяпбергенова, қала тұрғыны:
– Екі бөлмелі пәтерге 12 мың теңге төлеуді міндеттеп отыр. Ал ыстық су үшін 1800 теңге қарыз екенмін. Осыдан бір ай бұрын оператор есептеу құралындағы көрсеткішті жазып алып кеткен еді. Бірақ оны есепке алмапты. 13 мың теңге менің қалтама ауыр соғады.
Жансая Бимұрат, қала тұрғыны:
– Счет 12 мың 685 теңге шықты. Соны төледім. Негізі 2019 жылы аз келген. Мен тек 10 мыңдай төледім.
Бұл жаңа ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер элиталық болып есептеледі. Аты дардай болғанымен, затына сай емес. Бұл үйлерде лифт істен шыққан, кіреберістер мен жертөлеге электр желісі тартылмаған. Ал жылуды бірыңғай есептеу құрылғысы іске жарамсыз болып қалған.
Гүлжан Оразбаева, қала тұрғыны:
– Біз жылу ақысын шаршы метр ауданына қарай есептестік. Мысалы, бүгін мен 17 мың теңге төледім. Алайда біз көпқабатты үйге ортақ бірыңғай жылу есептеу қондырғысымен төлеуіміз керек еді, жауапты компаниямен арадағы келісімшартқа сәйкес. Сонда мен ең көп дегенде 5 мың теңге төлеуім керек, 17 мың теңге емес.
Жылумен қамтушы кәсіпорынның басшылығынан аталған мәселеге байланысты қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Дегенмен себебін анықтау үшін біз арнайы сұрау жолдадық. Ал әзірге тұрғындар жылу ақысын қымбат бағамен есептесуге мәжбүр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов