Қостанай облысында жергілікті маңыздағы 500 шақырымға жуық жол жөнделеді
Жоспарланған жұмыстар жүзеге асса, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көлік жолдарының үлесі 75 процентке жетпек.
Қарасу кентінің тұрғыны Иван Серпук кәнігі жүргізушілердің бірі. Жұмыс бабымен облыс орталығына жиі қатынайды. «Бұдан бұрын қашықтығы 150 шақырым аралықты кемі 3 сағат дегенде әупірімдеп әрең жүріп өтетінбіз», –дейді ол.
Иван Серпук, Қарасу ауылының тұрғыны:
– Ұзақ жүріс. Жеткенше жүйкең тозатын. Ойқы-шойқы жол көлігіңді құртады. Қазір, міне, тақтайдай тегістеліп, жақсы болды. Бір жарым сағатта қалада боласың.
Қарасу ауданында жергілікті маңызы бар жолдың ұзындығы 500 шақырымға жуық. Соның 70 проценті қанағаттанарлық күйде. Соңғы үш жылда бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, жолдардың біраз бөлігі жөнделіп қалды. Биылдың өзінде аудандық маңызы бар 40 шақырым жол қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін арнайы жол картасы түзілген.
Әділхан Ахмеров, аудандық ТКШ Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
– 2024 жылдарға арналған жол картасы былтыр әзірленді. Осы бес жыл ішінде біз аудандағы барлық автокөлік жолдарын 100 процент жақсы жағдайға жеткізуіміз керек.
Ал облыс бойынша биыл өңірлік маңыздағы жолдарға қатысты 36 жобаны игеру көзделген. Оның бәрі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске аспақ. Мемлекет қазынасынан бөлінген 19 миллиард теңгеге 457 шақырым жолды жөндеп шығу мақсаты тұр.
Алексей Костюков, облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– Жыл аяғына дейін бұл жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 75 проценті жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда болады. Өткен жылмен салыстырғанда 6 процент өсім бар.
Жоспарланған 36 жол бөлігіндегі жөндеу жұмыстарының 24-і аяқталды. Қалғандарын да бітіруге таяу. Тек жиектерін бекітіп, жол белгілерін салу жұмыстары қалып отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг