Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиілеген
Осының әсері ме әлеуметтік желіде ата-анадан баланы тартып алады екен, күш көрсетушілерді психикалық мекемеге жатқызады екен деген тұрғыдағы түрлі қауесет тарап кетті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл кеше пайда болған мәселе емес. Алайда оны шешудің нақтылы әмбебап әдісі әзірге табылмай тұрған сияқты. Соданда заң бұзушылықтың бұл түрі барлық өңірде кездеседі. Мәселен, Тараз қаласындағы кейіпкеріміз 7-8 жыл бойына қорлық көріп жүргенін айтты. Күйеуі еш себепсіз сабап тастайды екен.
Назым:
– Ішеді, ақша алмайды, сонымен қатар өзіңнен ақша сұрайды.
– Не деп түсіндіреді?
– Ештеңе деп түсіндірмейді. Елдегі өшін үйге келіп, әйелінен алады.
Елорда да осыған ұқсас тағдырларды кезіктіру қиын емес. «Қорғау Астана» қорының жанындағы баспана бірнеше жыл бұрын ашылған. Бас сауғалайтын орын таппаған 5 әйел қазір балаларымен бірге осында тұрып жатыр. Орталық мамандары нәзік жандыларға үй тауып, жұмысқа орналасуға көмектеспекші.
Қостанай облысында жыл басынан бері әйелдерге қатысты екі мыңнан астам түрлі құқық бұзушылық тіркелген. Алайда сол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қыз-келіншектердің дені полицияға шағым түсірмейді. «Үйдегі дауды сыртқа шығармай-ақ қояйын», – деп үнсіз кешіре салады.
Евгений Павленко, аға учаскелік инспектор:
– Сөйтіп ешқандай жазаға тартылмай, бұрынғы әдетіне қайтадан басады. Егер әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылса, полиция қызметкерлерінің жұмысы да жеңілдер еді. Сол жерде бірден өзіміз шешім қабылдап, бұзақыны әкімшілік қамаққа алсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық біршама азаяр еді.
Міне, осыған ұқсас ұсыныстарды іріктеп, мәселені мейлінше оң шешу үшін қазір елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы қызу талқылануда. Құжатты әзірлеу ісіне 50-ден астам маман атсалысуда. Жалпы жобаға барлық адам үн қоса алады.
Анна Рыль, қоғамдық ұйым басшысы:
– Бұл құжат қоғам арасында талқыланбады деген айыптар бар. Әр адам өз ұсыныстарын енгізуге құқылы. Көбі зорлық-зомбылық туралы заң жобасын дұрыс түсінбейді. Балаларды қорғау туралы Заңмен шатастырып та жатыр.
Маман баланы тартып алады деген сыңайдағы пікірлердің әлеуметтік желіде айтылып жүргені де осыдан деп топшылайды. Айта кетейік, тиісті Заңға тек соңғы он жыл ішінде 12 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Бүгінде жаңа заң жобасын жасау қолға алынған. Құжат қазір Мәжілістің қарауында. Барлық тарап осы жолғы ұмтылыс нәтижелі болуына күш салуда.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Серік Қоңырбаев